10 ел ШЫҰ-ға кіруге өтінім берді – мәселе Самарқан саммитінде қаралады
2022 жылғы 15 маусым 21:59

10 ел ШЫҰ-ға кіруге өтінім берді – мәселе Самарқан саммитінде қаралады

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Осы жылдың қыркүйегінде Самарқанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммитінде бірқатар елдің ұйымға кіру өтінімі қаралады, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің Dunio ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Өзбекстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Владимир Норовтың айтуынша, алдағы форум барысында Араб мемлекеттері лигасы, ЮНЕСКО, БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) сынды бірнеше халықаралық және өңірлік ұйымдармен арадағы серіктестік қарым-қатынас орнату туралы меморандумдарға қол қою күтіледі.

«Жоғары деңгейдегі кездесудің күнтәртібіндегі басты сұрақтардың бірі – ШЫҰ-ны одан ары кеңейту. Қазірдің өзінде ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатында Иран Ислам Республикасының міндеттемелері туралы меморандум қол қоюға дайын тұр. Құжат іс жүзінде осынау таяушығыстық ірі елдің біздің ұйымымызға толыққанды мүше болуына жол ашады. Бұған қоса, толыққанды мүше, байқаушы және диалог бойынша серіктес форматында ШЫҰ қызметіне қатысуға шамамен тағы 10 елдің өтінімі қаралады», - деп атап өтеді ведомство басшысы міндетін атқарушы.

Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 21 жыл толды. Қазіргі уақытта оның құрамында Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан бар. Сонымен қатар Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолияның байқаушы ел, ал Әзербайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланканың серіктес ел мәртебесі бар.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT