14 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі
2022 жылғы 14 тамыз 07:00

14 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2022 жылғы 14 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

Қазақстанда құрылысшылар күні

Құрылыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде тойланады. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы No 689 қаулысымен бекітілген.

КСРО ыдырағаннан кейін кәсіби мерекені Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Украинада құрылысқа тікелей қатысы бар барлық адамдар жыл сайын осы күні атап өтеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы Ташкентте Орталық Азия республикаларының – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша өңірдегі жағдайдың нашарлауы, халық шаруашылығының барлық саласындағы дағдарыс, әлеуметтік жағдай мен ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі бойынша коммюнике қабылданды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Гана Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Гана - Қазақстанның Батыс Африкадағы маңызды серіктесі, ҚР үкіметі екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға күш салып келеді.

2004 жылы қазақстандық жас режиссер Гүлшад Омарованың «Шиза» фильмі Ресей прокатына шықты. Ресейлік режиссер Сергей Бодров осы картинаның сценарийін жазысты. Фильмде жасырын төбелес додасын ұйымдастыратын қылмыстық топқа мүше бозбала туралы сөз болады. Фильмді Еуропа жұрты да жылы қарсы алды. «Шиза» 57-ші Канн фестивалінде көрермендердің алғысын алды.

2005 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз астанасындағы Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты. Елбасы Қырғызстанда Қазақстан Республикасының елшілігін ашу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 9 қаңтарда қол қойған болатын.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің «Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары туралы» Жарлығы шықты.

2009 жылы Үндістанның Дж. Неру атындағы университетінде қоғамдық, аналитикалық және студенттік ортаның және жергілікті БАҚ-тың қатысуымен «Заманауи Қазақстан: алға бағытталған жол» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті. Кітапта Қазақстанның жетекші сарапшыларының еліміздегі әлеуметтік-саяси және экономикалық процестер туралы мақалалары және Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарының дамуы жөнінде жазылған. Бұл кітап 2009 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға жасаған мемлекеттік сапарына орайластырылған.

2012 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық білім кафедрасының 2-курс студенті Роза Мұқатаева Италияның Римини қаласында өткен жас эстрада әншілері фестивалінде «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша 1-орынды жеңіп алды. Ол фестивальда «Карузоға арнау» әнін итальян тілінде орындап, көптің көңілінен шықты.

2013 жылы Қазақстанда Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығы ашылды. Оқу орталығын құру ИКАО-ның қауіпсіздік жөніндегі «ISD-Security» бағдарламасын жүзеге асыруға, сондай-ақ ҚР аумағында және Орталық аАзия аумағының өзге де мемлекеттерінде әуе тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметі мен авиакомпанияларға мамандар даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырумен айналысатын бұрынғы кеңестік одақ кеңістігіндегі үшінші орталық (Киев пен Мәскеуден кейін).

2016 жылы Сарыарқа археология институты археологиялық экспедициясының қызметкерлері Қарағанды маңынан Беғазы-Дәндібай мәдениетіне (б.з.б. 15-10 ғғ.) тән ғажайып баспалдақты кесенені тапты. Алып қорымның сыртқы пішіні Джосер перғауынның пирамидасын еске салады. Ескерткіштің құрылысына қарағанда, ол үш мың жыл бұрын салынған. Одан алынған материалдар мен құнды бұйымдардың барлығы Қарағанды университетінің Археология музейіне берілді.

2016 жылы Павлодар облыстық көркемөнер музейінде белгілі қылқалам шебері Ғалым Қаржасовты (1954-2016) еске алу көрмесі ашылды. Оған қойылған 60 полотно ерекше дарын иесінің шығармашылық тұлғасын тануға мүмкіндік береді. Ғалым Қаржасов 1998 жылы Президенттік сыйлықтың лауреаты, «Мастер-класс Қазақстан-2000» халықаралық өнер фестивалінің лауреаты болды. Оның еңбектері Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде, Павлодар, Семей, Атырау, Қарағанды, көркемөнер музейлерінде, Қазақстан, Франция, Германия, Канада азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы.

2017 жылы муайтайдан Таиланд корольдігінде өткен жастар және жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қазақ спортшылары 12 медаль еншіледі. Сайысқа әлемнің 79 елінен 1 000 спортшы қатысты.

2019 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатында «Ел үміті» жаңа бастамасы бойынша жұмыс жүргізе бастады. «Ел үміті» бастамасының миссиясы – дарынды балалар мен жастарды, соның ішінде шетелде тұратын жастарды іздеп-тауып, қолдауға септесу.

2020 жылы қазақстандық режиссер Жаннат Әлшанованың «Өркениет тарихы» атты қысқаметражды фильмі Швейцариядағы халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды.

2020 жылы «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған жерінде, Түркістан облысы Отырар ауданында мұражай ашылды.

2021 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін қазақстандық дипломат Бақытбек Шабарбаев Пәкістан Президентінің «Ситара және Пәкістан» сыйлығымен марапатталды.

«Ситара және Пәкістан» – Пәкістанның ең жоғары азаматтық наградасы мен айырым белгісі, ел Президенті шетел азаматтарына, сондай-ақ елге сіңірген еңбегі үшін табыс етеді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT