15 жыл бұрын адам өлтірген қазақстандық азамат Ресейде ұсталды
2022 жылғы 13 маусым 11:45

15 жыл бұрын адам өлтірген қазақстандық азамат Ресейде ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан 15 жыл бұрын адам өлтірген қазақстандық азамат Ресейде ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан 15 жыл бұрын адам өлтірген қазақстандық Ресей аумағында қолға түсті. Павлодар облысының криминалдық полициясының іздеу тобы ресейлік әріптестерімен бірге Ресей Федерациясының Барнауыл қаласында құқық қорғау органдарынан жалтарып жүрген күдіктіні ұстады», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның баспасөз алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, 40 жастағы Қазақстан азаматы 2007 жылы Павлодар қаласындағы «Х-сайт» клубы жанында адам өлтіргені үшін халықаралық іздеуде болған. Қанды оқиға орын алған күні ол павлодарлық бизнесменді күзетіп жүрген және клуб алдындағы көлік тұрағы үшін өзге адаммен ерегісіп қалған.

«Ерегіс барысында ол тегіс ұңғымалы қарумен қарсыласын атқан. Павлодарлық полицейлер күдіктінің осы жылдардың ішінде өзге біреудің сауалнама мәліметтерімен Ресей азаматы ретінде жасырынып жүргенін анықтады. ҚР Бас прокуратурасы ұсталған адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанға экстрадациялау мәселесін шешіп жатыр», - деді ІІМ өкілі.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT