4%-бен автонесие беру нарықтағы көлік тапшылығы мәселесін шеше алмайды - экономист
2022 жылғы 21 мамыр 10:35

4%-бен автонесие беру нарықтағы көлік тапшылығы мәселесін шеше алмайды - экономист

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда автокөлік бағасы күн санап өсіп жатыр. Мамандар көлік бағасының шарықтауына әлемді жайлаған пандемия мен көршілес елдердегі геосаяси жағдай себеп болып отырғанын айтады. Өйткені әлем бойынша автомобиль шығаратын зауыттардың өндірісі тоқтап, логистика мәселесі біраз қиындық туғызып отыр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың І тоқсанында елімізде құрастырылған жеңіл автокөліктердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға өскен. Ал импортталған машиналар 18,6%-ға қымбаттаған. Жалпы автокөлік қымбаттауына не себеп болып отыр? Ресейге салынған санкциялар біздің елдегі автокөлік бағасына қалай әсер етіп жатыр? Болашақтағы автокөлік бағасына қатысты болжам қандай? Үкімет көлік бағасын тұрақтандыру үшін қандай шараларды қолға алуы керек? Міне, осы секілді сұрақтарға жауап алу үшін профессор, экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабековпен сұхбаттастық.

- Бауыржан Нарзуллаұлы, әлеуметтік желіні не бұқаралық ақпарат құралдарын аша қалсақ, барлығы елде автокөлік қымбаттағаны туралы айтып жатыр. Экономист мамандар бұл қымбатшылықты бірқатар макроэкономикалық және геосаяси фактормен, яғни соңғы уақытта Ресейге салынған санкциялармен байланыстырып отыр. Сіздің бұған қатысты ойыңыз қалай?

- Бүгінгі таңда геосаяси жағдайға, Ресейге салынған санкцияларға, сонымен қоса логистикалық кедергілерге байланысты көлік өнеркәсібін ұйымдастыру бірқатар қиындыққа ұшырап отыр. Мысалы, Қытайда жасалатын микрочиптерді, басқа да көлікке қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесі логистикалық кедергілерге байланысты үзіліп қалды. Салдарынан автокөлік өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындарда машинаны шығару көлемі 27-28%-ға азайып отыр. Осыған байланысты дүниежүзіндегі көліктер 17-18%-ға қымбаттаған. Жалпы қымбатшылық көліктің моделіне байланысты 5%-ға көп не аз болуы мүмкін. Мәселен, Toyota компаниясы шығаратын машиналарға Еуропалық Одаққа мүше елдерде де, Америкада да сұраныс жоғары болғандықтан, бағасы да қымбат болып отыр. Олардың жалпы өсімі 23-25% пайызды құраған.

Ал біздің елдегі жағдайға келер болсақ, автомобиль паркі жылына 600-700 мың машинаға сұраныс бар екенін айтады. Кеше 16 мамырдан бастап 4%-дық жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдау басталды. Яғни азаматтар елімізде құрастырылған автокөлікті 4% женілдікпен алуға мүмкіндік алып отыр. Алайда бұл отандық нарықтағы автотапшылық мәселесін шешпейді. Егер елімізде жылына 600-700 мың машинаға сұраныс болса, «10 мың машинаны жеңілдетілген несие арқылы беру» дегеніміз мәселені шешеді деп айта алмаймын. Оның өзін де азаматтарға бірден алуға мүмкіндік жоқ. Бірнеше ай күтуге тура келеді. Өйткені жоғарыда атап өткенімдей, логистика мәселелері, құжат жасау процестері бар, оның бәріне қыруар уақыт қажет. Оның үстіне әлем бойынша машина өндіру көлемі азайғаннан кейін автомобиль сатумен айналысатын орталықтарда көлік жоқ деуге болады. Сондықтан машина алу үшін кезекке тұру қажет.

- Ресейде автомобиль шығаратын әлемдік ірі компаниялар жұмысын тоқтатқаны белгілі. Олар балама нарық ретінде Қазақстанды немесе басқа Орталық Азия елдерін неге қарастырмайды? Неліктен компанияларын бізге көшіргісі келмейді?

- Экономикада «нарықтың сыйымдылығы» деген түсінік бар. Кеңес үкіметі тұсында нарық сыйымдылығы 260-270 миллионды құраған еді. Ал Қазақстанға тоқталсақ, ел тұрғындары саны енді ғана 19 миллионнан асты. Жалпы кез келген өндірісті ұйымдастырып, ол елде әрдайым сұраныс болуы үшін нарықтың сыйымдылығы 50 миллионнан төмен болмауы керек. Осы кезде ғана автокөлік өндірісін жолға қойып, ұйымдастыруға болады. Сондықтан шетелдік алпауыт компаниялар өндірістерін Ресейде ұйымдастырып, онда тек қана автомобиль емес, дайындығы жоғары тұтынушы өнімдердің барлығын посткеңестік елдерге Ресей арқылы таратып отырды. Өйткені шетелдік компанияларға да өз шығындарының орнын толтыру керек. Сол үшін халық саны 50 млн-нан кем болмауға тиіс.

Сонымен қатар өндірістің өзін басқа бір мемлекетте қайта ұйымдастыру да оңай шаруа емес. Орталық Азия не болмаса посткеңестік елдердің бірін таңдаған күннің өзінде тек сауда өкілдіктерін ашуға ғана мүмкіндіктері бар. Ал жоғарыда атап өткенімдей, өндірісті көшіру көп шығынмен қатар, көп уақытты да талап етеді. Сондықтан қазіргідей кезеңде компаниялар геосаяси жағдайдың тынышталғанын күтіп, өндіріс орындарының жұмысын уақытша тоқтатып, кетіп қалып жатыр. Мәселен, жуырда франциялық «Рено» корпорациясы да Ресейде өндірістерін тоқтатып, акцияларын сату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Ал келісімшарттағы пункттердің бірінде «егер жағдай тұрақталса, компания елге келіп, акцияларын қайта сатып алуға мүмкіндігі бар» делінген. Сондықтан қазіргі ахуал дұрысталып, екі тарап бейбіт келісімге келсе, олар міндетті түрде қайтып келеді.

- Бүгінде Қазақстанға келіп, автокөлік сатып алатын ресейліктер саны артқан. Соңғы деректерге сүйенсек, сатып алушылар саны 10 есеге дейін өскен. Яғни автокөлік сатып алып жатқандар саны күн санап артып жатыр. Бұл да бағаның артуына әсер ететін факторлардың бірі шығар? Қалай ойлайсыз?

- Әрине, Ресеймен Кедендік одақта, Еуразиялық экономикалық одақта бірге болғандықтан, тауарды Ресей арқылы тасымалдау оңайға соғады. Есіңізде болса, 2017-2018 жылдары теңгенің рубльге шаққандағы құны 3 теңгеге дейін түсіп кетті. Сол кездері қазақстандықтар көлікті де, басқа да тұтынатын тауарларды Ресейден алып келді. Ал қазір жағдай керісінше болып отыр. 1 теңге – 6 рубльді құрайды. Сол үшін де қазіргі таңда оларға тауарды бізден келіп алған тиімді. Бір жағынан Ресейдің өзінде де автокөлік өндірісі тоқтап қалғанын айта кетуіміз керек.

Бірақ солтүстіктегі көршіміз ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында технологиялық жағынан 1991 жылдардағы деңгеймен пара-пар көліктерді шығаруға рұқсат берді. Ол автокөліктерде микрочиптер, «ақылды» машиналарға тән ерекшеліктер болмайды. Демек Ресей елінде 1990 жылдардың деңгейіндегі машиналар нарыққа шығады. Бұл шешім «Renault» компаниясы өзінің барлық ресейлік активін Мәскеу үкіметіне сататынын мәлімдегеннен кейін қарастырылған болуы керек. БАҚ-тағы ақпаратқа қарасақ, келісімге сәйкес, «Renault Russia» кәсіпорнының «Renault»-ға тиесілі акцияларының 100% қала билігіне беріледі. Бірақ «Renault» АвтоВАЗ-дан өз акцияларын 6 жыл ішінде қайта сатып алуға құқығы бар. Келісімшартта бұл да қарастырылған. Міне, сол «Реноның» негізінде қайтадан «Москвич» машиналарын шығару ісі қолға алынып жатыр. Ресей мемлекеттік деңгейде осындай шешім қабылдап отыр. Осылайша, ішкі сұранысты қамтамасыз етпекші. Бұл да болашақта бағаның өсіп не тұрақтануына тікелей әсер етуі мүмкін.

- Жалпы былтыр көлік 9 пайызға қымбаттаған болса, биыл 4 ай ішінде баға 18 пайызға өскен. Егер осы қарқын жалғаса беретін болса, жыл соңына дейін баға қаншалықты өседі деп ойлайсыз?

- Меніңше, көліктің бағасы енді тұрақтамайды, өсе береді. 4 пайызбен берілетін жеңілдік отандық, яғни Қазақстанда құрастырылатын автомобильдерді сатып алуға беріліп отыр. Негізгі құрылғыларды кезеңдік және лицензиялық төлемдерден босатып, осында арзанға алып келіп, «Made in Kazakһstan» деп шығарғалы жатыр. Мойындауымыз керек, бізде «автопром» жоқ, соны жасаудың қажеті де шамалы. Бізде шығатын шикізатты ұқсатып, өзіміздің нарықты қамтамасыз ете алсақ, халықтың табысын арттырсақ, соның өзі жеткілікті. Жалпы тұрғындардың табысы артса, бұл орта және шағын бизнестің де дамуына ықпал етеді. Кейін олар да өнім шығарып, тек елімізді ғана емес, оны шет мемлекеттерге де экспорттауға мүмкіндік алады. Біз ешқашан Оңтүстік Кореяның, Жапонияның шығарып жатқан машиналарымен бәсекеге түсе алмаймыз. Жалпы біз өздігінен көлік шығаруға қабілетті дамыған мемлекет емес, дамушы мемлекет екенімізді мойындауымыз керек. Биыл қыста Мемлекет басшысының өзі азаматтарымыздың жартысының айлығы 50 мыңға да жетпейтінін айтқан болатын. Соны да бір ескерген жөн. Сондықтан барлық кедендік баж салығын, утилизациялық алымды алып тастауымыз керек. Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Армения мемлекеттері секілді шекараны ашып, шеттен машиналардың жеткізілуіне кедергі жасамауымыз қажет. Сол кезде ғана автомен айналысып жүрген компаниялар машиналарды өздері-ақ әкеледі, тіпті толтырып тастайды. Егер жөндеп қарасақ, біздегі машиналар да ескіріп кеткен. Аталған дүниелер орын алса, біздегі салондардағы көліктерді жаңартуға да мүмкіндік болар еді. Мәселен, мен Жапонияда болдым. Онда 4 жылда бір машина ауыстыруға қатысты ынталандыру тетіктері бар екен. Көлікті 4 жыл айдағаннан кейін жаңа көлік сатып алады. Мемлекет азаматтар үшін осындай тиімді тетіктерді жасап қойған. Ал бізге 20-30 жылдық ескі көліктердің орнына сол 4 жыл ұсталған машиналарды алып келуге болар еді. Бұл – экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді.

- Кейбір сарапшылар ӨКМ операторының қаражатын жеңілдетілген автонесиеге емес, тұрғын үй нарығына салуымыз керек еді дейді. Өйткені көлік алатындардың міндетті түрде үй-жайы болатынын, ал сол қаржыны тұрғын үйге салғанда мыңдаған адам үйлі болып қалатынын айтады. Сіздің осыған қатысты пікіріңіз қандай?

- Жалпы бұл да тек уақытша нәрсе деп ойлаймын. Мұны мәселенің салдарымен ғана күресу дер едім. Жалпы бізге мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескен жөн. Мысалы, елімізде жұмысқа қабілетті не белсенді тұрғындар саны 8-9 млн-ды құраса, біз солардың табысын арттыру мақсатында халықты сапалы, қаржылық әл-ауқаты жоғары жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50%-дан жоғары болуы қажет. Сондай-ақ жер астындағы қазба байлықтарды тек шикізат ретінде экспорттамай, дайын өнім не жартылай өңделген өнім ретінде жасап, шетелге шығаруымыз қажет. Біздегі тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын жаңғыртуымыз керек. Сонда ғана жоғарыда сіз атаған мәселелер болмас еді...

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Назерке Сүйіндік


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT