Ақмолада бизнеспен айналысқан 10 шенеунікке 636 мың теңгеден айыппұл салынды
2022 жылғы 9 маусым 22:30

Ақмолада бизнеспен айналысқан 10 шенеунікке 636 мың теңгеден айыппұл салынды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 10 мемлекеттік қызметшінің және оларға теңестірілген тұлғалардың жеке кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салады.

Алайда, өңірде бұл талапты бәрі бірдей сақтай бермейді.

«Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізген мониторинг барысында 10 мемлекеттік қызметшіде және оларға теңестірілген тұлғаларда жеке кәсіпкер мәртебесі бар екені белгілі болды. Оның 50 пайызы - басшылар. Барлық әкімшілік материалдар бойынша сот айыппұл салды», - деді ведомстводан.

Анықталғандай, облыстың жергілікті атқарушы органдарының бірінің қызметкері мемлекеттік қызметші бола отырып, салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

Сөйтіп ол Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 154-бабы бабы бойынша заңбұзушылық жасаған.

Сол себепті лауазымды тұлғаға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11-бабына сәйкес мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оған теңестірілген функцияларды орындайтын лауазымға үміткер тұлғалар активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны міндетті түрде тапсырады.

Алайда, мониторингте белгіленгендей, облыстың жергілікті атқарушы органдарының 4 басшысы заңнаманы бұза отырып, тұлғалардан тиісті декларацияны қабылдамай, оларды лауазымға тағайындаған.

«Мемлекеттік орган басшылары Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 680-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы» 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылды», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, Қосшыда электр нысандарын салу кезінде 222 миллион теңге жымқырылған болатын.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT