АҚШ-та маймыл шешегіне қарсы вакцинаның он мыңдаған дозасы таратылады
2022 жылғы 29 маусым 19:56

АҚШ-та маймыл шешегіне қарсы вакцинаның он мыңдаған дозасы таратылады

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – АҚШ-та маймыл шешегін жұқтырғандардың көбеюіне байланысты Байден әкімшілігі бүкіл елге вакцина таратуды бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі NBC News арнасына сілтеме жасап.

АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету министрлігі «Jynneos» вакцинасының 56 мың дозасын вирус жұқтыру жылдамдығы жоғары аймақтарға жіберді. Бірнеше апта ішінде тағы 240 мың вакцина таратылмақ. Күз соңына дейін кем дегенде 1,6 млн доза қолжетімді болады деп күтіліп отыр.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының соңғы мәліметтеріне сәйкес, инфекция жұқтыру саны ең көп аймақтарға Калифорния, Нью-Йорк, Иллинойс, Флорида және Вашингтон қалалары кіреді.

АҚШ-та маймыл шешегі алғаш рет мамыр айында Массачусетс штатында анықталды. Содан бері вирус бүкіл елге тарап, 28 штатта 306-дан астам жұқтыру жағдайы тіркелді.

Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы мақұлдаған екі дозалы «Jynneos» вакцинасы инфекцияның алдын алып қана қоймай, жұқтырған инфекцияны тоқтатады. Доза 28 күн аралықпен салынады.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 49 елде кем дегенде 4 700 адамның маймыл шешегін жұқтырғаны анықталғанын хабарлады.


Ұқсас жаңалықтар
Ұлыбритания қыста электр қуатын өшіруге дайындық жүргізуде
2022 жылғы 10 тамыз 17:15

Ұлыбритания қыста электр қуатын өшіруге дайындық жүргізуде

ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Ұлыбританиядағы салқын ауа райы мен газ тапшылығы қыс мезгілінде электр қуатының үзілуіне әкеліп соғуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Бұл жағдай бүкіл елдегі кәсіпорындар мен үйлерге әсер етуі, сондай-ақ теміржолдар, кітапханалар және басқа да мемлекеттік мекемелердің жабылуына әкелуі мүмкін.

Ел билігі азық-түлік өнеркәсібіне электр қуатының үзілуі және дүкендерде азық-түлік тапшылығы жағдайында өндірістің тоқтап қалуының алдын алу жоспарын әзірлеуді, ал Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің басшыларына «генераторларға тиісті қызмет етуін» қамтамасыз ету және «дизельдік цистерналардың толтырылғанына» көз жеткізуін бұйырды.

Кәсіпкерлік, энергетика және өнеркәсіптік стратегия департаменті қыс мезгілінде электрмен жабдықтау қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның жоспарына сәйкес, энергия тұтыну көлемінің артуы теміржол желілері, кітапханалар, басқа да мемлекеттік мекемелердің уақытша жабылуына әкеле алады.

Сарапшылардың бағалауынша, «ең нашар сценарий» – электр энергиясын өндіру қуаттылығы ең жоғары сұраныстың алтыдан бір бөлігіне жетпей қалуы мүмкін екенін көрсетеді.

Еуропа елдерінің Ұлыбританияға газ және электр энергиясын жеткізуге көмектесуіне қатысты екіұшты жағдай туындаған.

Норвегия биылғы қыста ішкі тапшылығына байланысты электр энергиясының экспортына шектеу қоймақ. Францияда ағымдағы жөндеу және жөндеу мәселелеріне байланысты атом электр станцияларының жартысы ғана жұмыс істеп тұр.

Cornwall Insight консалтингтік фирмасының болжамынша, қазан айында энергия төлемдері шамамен 3,582 фунт стерлингке дейін өседі. Қазіргі кезде төлем шамамен 1971 фунт стерлингті құрап отыр.





Фото: shutterstock.com


Шыңжаңның ірі қалаларында коронавирустың өршуіне байланысты шектеу енгізілді
2022 жылғы 10 тамыз 15:26

Шыңжаңның ірі қалаларында коронавирустың өршуіне байланысты шектеу енгізілді

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – 4 миллионнан астам халқы бар ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің (ШҰАӨ) әкімшілік орталығы Үрімшіде коронавирустың өршуіне байланысты бес күндік шектеулер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі індетпен күрес жөніндегі жергілікті штабқа сілтеме жасап.

Сейсенбіден бастап Үрімші қаласының алты ауданының тұрғындарына көшеге шығуға шектеу қойылды. ШҰАӨ әкімшілік орталығында «статистикалық басқару» енгізіледі және тұрғын орамдар, тіпті жеке аулаларға дейін «бір рет кіріп-шығу» қағидаты қатаң сақталатын болады.

Муниципалды мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі мекемелердің қызметкерлері қашықтан жұмыс режиміне ауысады. Тек ауылшаруашылық базарлары, қажетті тауарлары бар дүкендер, дәріханалар мен ауруханалар ашық болады. Қалалық қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Хабарламада айтылғандай, бес күн ішінде аса қажеттілік болмаса, Үрімші қаласына келуге тыйым салынады. Бұл ретте әуе, авто және теміржол қатынасы қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.

Ковидке қатысты шектеу 500 мыңға жуық халқы бар Инин (ҚХР ШҰАА) қаласында да енгізілді.

Соңғы мәліметтер бойынша, жалпы алғанда, шілде айының соңынан бастап ШҰАӨ-де 500-ден астам асимптоматикалық коронавирус тасымалдаушысы анықталды. Олардың көпшілігі Инин қаласында (405 жағдай) тіркелген.

COVID-19 ауруы Шыңжаңның басқа да ірі елді мекендерінде – Үрімші, Хотан, Турфан, Ақсу, Болэ және Хами қалаларында, сондай-ақ Қашғар, Тачэн және Алтай округтерінде тіркелген.

Өткен тәулікте ШҰАӨ-де коронавирустың 120-дан астам симптомсыз тасымалдаушысы тіркелген, оның 70-тен астамы Инин қаласында анықталған.


Фото: Getty Images


Америкалық компаниялар биопластик өндірісіне миллиардтап қаржы құйып жатыр
2022 жылғы 10 тамыз 15:15

Америкалық компаниялар биопластик өндірісіне миллиардтап қаржы құйып жатыр

ВАШИНГТОН. ҚазАқпарат – Компаниялар қауіпсіз түрде жоюға болатын табиғи, жаңартылатын материалдардан жасалған пластмасса өндірісін кеңейтуге миллиардтаған доллар инвестициялауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат CBS News-ке сілтеме жасап.

i3 Connect платформасының мәліметі бойынша, биопластика өндірісіне салынған инвестициялар 2022 жылдың алғашқы үш айында 500 миллион долларға жетті. Бұдан алдыңғы ең жоғары көрсеткіш 2021 жылдың соңғы тоқсанында тіркелген (350 миллион доллар). Zion Market Research бағалауы бойынша биопластика нарығы 2021 жылы 10,5 миллиард долларды құраса, 2028 жылы шамамен 29 миллиард долларға дейін өседі.

Кентукки штатының Винчестер қаласында орналасқан Danimer Scientific компаниясы рапс майымен ашытылған микроорганизмдерді қолдана отырып, PHA деп аталатын биопластикаларды шығарады. Нәтижесінде мұнай-химия пластикасы сияқты өнімді өндіру үшін қолданылатын пластикалық түйіршіктер пайда болады. Сынақ кезінде белгілі болғандай, PHA Danimer өнімдері теңізде алты айдан кейін және топырақта екі жылдан кейін биологиялық түрде ыдырайды.


Фото: cbsnews.com


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT