Ақтау порты ЕҚЫҰ-ның «жасыл» сертификатын алды
2022 жылғы 17 маусым 18:37

Ақтау порты ЕҚЫҰ-ның «жасыл» сертификатын алды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Ақтау порты ЕҚЫҰ-ның «жасыл» сертификатын алды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтау теңіз сауда порты «Порттардың экологиялық сараптама жүйелері» сертификатын және Теңіз порттарының еуропалық ұйымының «Экопорт» мәртебесін иеленген Қазақстандағы алғашқы порт болды.

Сертификаттау ЕҚЫҰ-ның порттар мен порт терминалдарындағы экологиялық менеджменттің халықаралық танылған стандарты – «EcoPorts» жобасы шеңберінде жүргізілген.

2019 жылы басталған ЕҚЫҰ-ның бұл жобасы теңіз және трансконтиненталдық жүк тасымалдарының инфрақұрылымын дамытуға, цифрландыруды енгізу арқылы кедендік рәсімдерді оңайлатуға, отандық мамандарды даярлау мен оқытуға бағытталған.

Мәлім етілгендей, аталған сертификат еуропалық порттармен өзара қарым-қатынасты кеңейтуге мүмкіндік береді және порттардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға, сондай-ақ Каспий өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға ынталандырады.

«Ендігі кезекте жасыл сертификаттаудан өту бойынша тиісті жұмыстар Құрық портында да жүргізілуде.

Сауда жолдары мен жеткізу тізбектерінің халықаралық саяси-экономикалық жағдайға бейімделуі аясында биыл қазақстандық порттардың қызметтеріне сұраныс күрт өсті», - делінген СІМ хабарламасында.

Мәселен, Ақтау портында 2022 жылдың бес айында жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2021 жылдың тұтас көрсеткішін қазірдің өзінде 97 пайызға орындаған (2022 жылғы 5 айда 1 534 мың тонна, ал 2022 жыл басталғалы 1 594 мың тонна), ал контейнерлерді ауыстырып тиеу көрсеткіші қазірдің өзінде былтырмен салыстырғанда 115% (16 267 ЖФЭ) өсті.

Құрық портында 2022 жылдың басынан бастап жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 2021 жылдың тұтас көлемінің 70% асқан (2022 жылдың бес айында 700 мыңнан астам, ал 2021 жылы 1 млн тонна).

Терминал қызметтеріне сұраныстың өсуін ескере отырып, қазіргі уақытта Ақтау порты Орталық Азия өңіріндегі көлік ағындарын трансформациялауға арналған контейнерлік хаб құрып жатыр. Сондай-ақ Ақтау-Баку-Ақтау бағытындағы қазіргі 5 фидерлік кемеге жыл соңына дейін екі қосымша мамандандырылған контейнер тасығышты тарту жоспарлануда.

Сонымен қатар Брюссельде өткен іс-шара аясында қазақстандық порттар қызметкерлерінің Бельгияның Антверпен порты жанындағы инфрақұрылымды басқару бойынша оқу курстарына жіберу мүмкіндігі талқыланды.

Бір күн бұрын, ТХКБ, ТРАСЕКА және Қазақстан порттары басшыларының делегациясы Антверпен портына техникалық сапармен барған. Бұл бельгиялық хаб әлемдегі ең ірі 20 порттың қатарына кіреді және Нидерландтағы Роттердам портынан кейін Еуроодақтағы екінші ірі порт болып саналады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT