Ақтөбе мен Хромтау - өңірдегі ауасы ең лас қалалар
2022 жылғы 24 маусым 21:14

Ақтөбе мен Хромтау - өңірдегі ауасы ең лас қалалар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе мен Хромтау өңірдегі ең ластанған қалалар. Бұны Ақтөбе облысының экологиялық мәселелерін талдау жұмыстарының нәтижесі көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ал су ресурстарының ластануы бойынша Елек өзені мен Шалқар көлі көш бастап тұр. Өңірде қалдықтарды басқару жүйесі бойынша да мәселелер бар.

Айта кетейік, бүгін Ақтөбе облысының тұрғындары Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевпен кездесті. Жүздесуде тұрғындар өздерін толғандыратын бірқатар экологиялық проблемалар туралы айтты.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген министр Ақтөбе облысы негізгі ластану көздері тау-кен металлургия кәсіпорындары, сондай-ақ химия және мұнай өндіру саласы кәсіпорындары болып табылатын еліміздің ең ластанған өңірлерінің бестігіне кіретінін атап өтті.

Егер өткен жылы республика бойынша ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 2,4 млн.тоннаны құраса, Ақтөбе облысының үлесіне 174 мың тонна келеді, бұл 2020 жылғы деңгейден 4%-ға төмен (180 мың тонна).

Мұндай жетістікке табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру есебінен қол жеткізіліп отыр. Мәселен, 2021 жылы өңірдің табиғат пайдаланушыларының экологиялық жағдайын жақсартуға шамамен 20 млрд теңге инвестицияланған. Бұл 2020 жылғы деңгейден 32%-ға артық (15 млрд. теңге).

Сонымен қатар, министрлік өңірлердің экологиялық проблемаларын шешу бойынша жол карталарын әзірлеп, іске асырып жатыр. Ақтөбе облысының жол картасында 33 іс-шара қарастырылған. Бүгінгі күні әкімдікпен 3 аудан орталығында (Мәртөк, Қобда, Қарауылкелді) полигон салу жұмыстары аяқталды, коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарын паспорттау бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Ақтөбе ферроқорытпа зауыты осы жылдың соңына дейін электр сүзгілерін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл ластаушы заттардың шығарындыларын 2 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Биылғы жылы балқыту цехтарында 67 аспирациялық қондырғы ауыстырылды, бұл қатты ластағыш заттардың шығарындыларын 320 тоннадан 107 тоннаға дейін, газ тәріздес қалдықтарды 4 есеге 1124 тоннадан 321 тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді»,-деді министр.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT