Ақтөбеде Әбілқайыр хан мен Бопай ханымды ұлықтау шарасы басталды
2022 жылғы 16 маусым 05:30

Ақтөбеде Әбілқайыр хан мен Бопай ханымды ұлықтау шарасы басталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қоғам және мәдениет қайраткерлері жиналды. Өңірде Әбілқайыр хан мен Бопай ханымды ұлықтау шарасы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Әбілқайыр хан мен оның әйелі Бопай ханымды ​еске алу шараларына қатысуға келген мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірзақ Озғанбаев, Жауғашты Нәбиев, генерал-майор Айтқали Исенғұлов, дін қайраткері Серікбай Ораз бен мәдениет қайраткері Сергей Әзімовті қабылдады.

« Ақтөбе жерінде жүздескеніме қуаныштымын. Еске алу шарасын өткізу туралы бастама көтерілгенде, қолдау көрсетуді жөн көрдік. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Әбілқайыр хан – біздің ұлы бабамыз, оның қызметі арқасында қазақ халқы өзінің ұлттық болмысын, әдет-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін сақтай алды», - деді облыс әкімі.

Негізгі іс-шара Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» мемориалдық кешенінің аумағында өтеді. Оған қатысу үшін Ақтөбе облысына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен еліміздің көршілес өңірлерінен қонақтар келді. Облыс әкімімен кездесуде Әбілқайыр ханның ұрпағы, генерал-майор Айтқали Исенғұлов ақтөбеліктердің бабалар рухына ұқыптылықпен қарайтынына ризашылығын білдірді.

«Біз ақтөбеліктердің еліміздің осы бөлігіндегі қазақ тарихын жандандырудың бастамашысы болғанын мақтан тұтамыз», - деді ол.

Мұндай іс-шаралардың ұлттық сана-сезімді нығайтуда маңызы зор екені атап өтілді.

«Жастардың ұлттық сана-сезімін ояту, оларды көрнекті қазақ қайраткерлері туралы біліммен толтыру аса маңызды. Бұл бағытта сіздің өңіріңізде Едіге батыр, Есет батыр, Досжан хазірет туралы естеліктерді жаңғырту және сақтау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Бұл жас ұрпаққа ауадай қажет», - деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы , академик Өмірзақ Озғанбаев. Сондай-ақ режиссер Сергей Әзімов те өз пікірін білдірді .

«Әбілқайыр хан өте қиын уақытта үш жүздің басын қоса алды. Біздің заманымызда бірлік сол кездегідей маңызды, бірақ ұлттық бірегейліксіз бірлік болмайды. Сондықтан тарихымызды, оны жасағандар туралы есте сақтау өте маңызды. Еске алу шаралары Әбілқайыр ханның адал серігі – Бопай ханымға да арналып отырғаны әділетті. Хан өлген соң, оның өлімінің өшін алып, ісін жалғастырып, ұлдарын таққа отырғызды. Ол ұлы қайраткер, дана дипломат болды», - де ді ол .


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT