Ақтөбеде қымбат қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары - тігінші
2022 жылғы 21 маусым 00:21

Ақтөбеде қымбат қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары - тігінші

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік кәсіпкер Базаргүл Нұржанова мемлекеттік бағдарлама арқылы грант, несие алып, тігін цехын ашты. Ол қазір қымбат әрі әдемі қыз жасауын дайындап, түрлі тапсырыс қабылдап отыр. Тігін цехын оқыту орталығына да айналдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында тігін цехын ашып, бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкер ісі көпке үлгі.

Ол ауыл әйелдері үшін мемлекеттік бағдарламаның тиімді екенін тілге тиек етіп, көпшілікке өз тәжірибесін айтып берді.

«Кәсіпкерлерге үстемақысы төмен несие береді деген соң 2012 жылы тігін цехын аштым. Сол кезде ,1,5 млн теңге несие алдым. Одан да көп ақша алуға болады деген соң тез арада несиемді өтеп, 7 млн теңгені қайта рәсімдедім. Бес жылға рәсімдегеніммен, 4 жылда өтеуге мүмкіндік болды. Кейін цехтың оқу базасы секілді жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Тігіншілікті осы жерден-ақ үйретіп, кейін адамдардың жұмысқа алуға болады. Тәртіп бойынша Жұмыспен қамту бөлімі жолдама береді, біз қабылдап, үйретеміз», - деді Базаргүл Нұржанова.

Кәсіпкер 2020 жылы 4,5 млн теңге грант ұтып, құрал-жақбық сатып алды. Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, кір жуу машинасы, жүн түтетін станок әкелді. Қазір мақтаны да, жүнді де түтеді.

Ескі көрпені жаңартуды өз міндетіне алған кәсіпкер ауыл тұрғындарының тапсырысын әп сәтте орындап береді. Сонымен бірге ою оюға арналған құрал-жабдық та әкелінді.

Қазір 5 адам жұмыс істейді. Ал 10 қыз-келіншек оқып, үйреніп жүр.

«Осы жерде оқытып, жұмысқа қабылдау ыңғайлы. Біз пішу, тігу, құрауды өз әдісімізбен үйретеміз, кейін оны ұжымға тез қабылдайды. Кейбірі оқып, сертификат алып, кәсіп ашып жатыр. Үйде отырған аналарға ыңғайлы. Жұмыс орнын үйінен жасап алып, бала-шағаның жағдайын бақылап отырады. Негізінен көрпе тігеміз. Бесік құралы, қырқынан шығару рәсіміне арналған заттар, қыз жасауын дайындаймыз. Кейде киім тігуге тапсырыс береді. Оны да қабылдаймыз. Қазір жастық 5-6 мың теңге болса, көрпе 7-8 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін барады. Көрпеге мақта, сұраныс болса жүн салынады. Өзім жүннен жасалған көрпе жақсы деп айтар едім. Жеңіл, тігуге де оңай. Бірақ кейбірі иісін ұнатпайды», - деді ісмер ақтөбелік.

Арнайы жарнама бөлімі ауылда жоқ. Дегенмен шебердің қолынан шыққан бұйымды көрген-білген жан іздеп жүріп, бұйымтайын айтады.

«Тапсырысты ауыл адамдары береді. Кейде қаладан сұраныс түседі. Тіпті елордадан тапсырыс болды. Қыз жасауы 160-170 мың теңгеге шығады. Тапсырысқа байланыс бұл. 4 жамылғы көрпе, 4 құрақ көрпе, 4 жастық, шай көрпе және жас жұбайлар көрпесі кіреді. Бөліп төлеуге де береміз. Ерекшеліктері бар. Бұрын құрақтың жеңіл түрін, арзан мата таңдалса, қазір талғам өзгерді. Шиқұрақ қиын. Бірақ сұранысы бар. Халықтың жағдайы жақсы. Елден өзгеше болғанын қалайды. Ою-өргені бар көрпеге сұраныс жоғары деп айтар едім. Сол үшін де лазерлі аппарат алдым. Ою ою өте ыңғайлы. Сатып алған бар техниканы ұлым қарап, бақылап отырады», - деді ол.

Мұндағы оқыту курсы 3 айға жоспарланған. Кейін тігіншілікті үйренген қыз-келіншек өз бетімен тапсырыс қабылдай алады.

«Нөлден бастау қиындау болады. Өйткені ең құрығанда бір тігін машинасы керек. Жіп пен матасы да қажет. Биыл 20 адам үйретуді мақсат етіп отырмын. Үйде отырған аналар, жоғары білімі бар, бала күтімімен айналысатын келіншектер белсенді. Көбісі көпбалалы ана. Олар тез үйреніп кете алады. Шалғай ауылдан келіп оқып, грант ұтып алып жатыр», - деді Базаргүл Нұржанова.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT