Ақтөбеде су тасқыны шайып кеткен жоласты құбырлары қайта салынады
2022 жылғы 10 маусым 09:31

Ақтөбеде су тасқыны шайып кеткен жоласты құбырлары қайта салынады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысына қарасты Жарлы елдімекені маңындағы су шайып кеткен жоласты құбырлар қайта салынғалы жатыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ ұлттық компаниясының Ақтөбе облысы филиалының директоры Марат Махамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл көктемде Жарлы ауылы тұсындағы 283 шақырымында жолдың астына төселген құбырды тасыған су шайып кеткен еді. Төтенше жағдай 1 сәуірден 2 сәуірге қараған түні болды. Біз оқиға орнына дереу жеттік. Ол жерде 3 жоласты су құбыры болған, ол құбырлар судың қатты тасқынына төтеп бере алмады. Енді жоласты су құбырының орнына 4 құбыр салынайын деп жатыр. Бұл жұмысты тамызға дейін бітіреміз», - деді Марат Махамбетов баспасөз туры барысында.

Өңірлік «ҚазАвтоЖол» АҚ басшысының айтуынша, бүгінде аталған аумақта айналма жолдар салынып бітті.

«Жолға жауапты мердігер компанияға тиісті тапсырма берілді. Жалпы су шайып кеткен республикалық жолдың аталған бөлігі әлі пайдалануға берілмеген. Яғни әлі салынып жатқан тасжол», - дейді ол.

Еске сала кетсек, биыл көктемде Ақтөбе облысында тасыған су республикалық маңызы бар жолды жырып кетті .

Араға аз күн салып «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы су шайған тасжолға қатысты жағдайды түсіндіріп өтті.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT