Ақтөбеліктер ит атуға рұқсат беруді сұрады
2022 жылғы 13 маусым 22:30

Ақтөбеліктер ит атуға рұқсат беруді сұрады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде оқушыны иттер талап өлтіргеннен кейін тұрғындар ит атуға рұқсат беруді сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір Ақтөбе облысында итті аулау және жою жұмыстарымен үш топ айналысып жатыр. 12 жасар Мадияр Шәкіраттың өлімінен кейін бұл жұмыс қарқын ала түсті. Бүгін ақтөбеліктер оқушы білім алған №60 орта мектепке жиналып, оны бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін қаңғыбас иттерге қатысты мәселені жедел шешуді сұрады.

«Есет батыр тұрғын алабының тұрғынымын. 6 жылдан бері осы шағын ауданда тұрамын. Үш балам №60 орта мектепте оқиды. Түрлі үйірмелерге барады. Жалғызбасты анамын, баламның үлкені 10 жаста. Таңнан кешке дейін баламды мектепке, түрлі үйірмеге таси алмаймын. Себебі балаларымды асырау үшін жұмыс істеуім керек. Олардың еркін жүргенін қалаймын. Қазір үйден шығара алмай отырмын. Қамап қойдым. Иттен қорқамыз», - деді Есет батыр тұрғын алабының тұрғыны Индира Асылбекқызы.

Бұған дейін дәл осы тұрғын алабында қыз баланы ит талаған болатын. Бала өлімнен аман қалды. Жиналысқа қатысқан анасы Алтынгүл Жарылғапова оқиғаны баяндап, ит қапқан кезде қызының үстінде болған киімді көрсетті. Ырым-жырымы шыққан киімнен-ақ иттің қалай талағанын көруге болады.

«2021 жылдан бері осы проблеманы көріп келемін. Қоқыстың арасында үнемі ит жүреді. Әкімдік мәселені қолға алуы керек еді. Осы іске ветериналар да кінәлі. Олар иттің санын анықтап, ату үшін шара қолдануы қажет еді. Біз де дер кезінде айтып, мәселені көтергенде мұндай қайғылы жағдай болмас па еді? Қызымды ит талады. Әкімдік, прокуратураға бардым. Әр жерге жұмсады. Арыз жаздым. «Ит атуға болмайды» деген заң шыққанын айтып отыр. Бәрі басын ала қашады. Итті өлтірдік, атты деген жоқ. Ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Баламның жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Тән жарасы жазылар, бірақ ішкі дүниесін кім емдейді? Психологпен де кеңестік» , - деді Алтынгүл Жарылғапова.

Айта кетейік, Мадияр Шәкіраттың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген облыс әкімі Оңдасын Оразалин келесі жылы иттерге чип тағылатынын айтты.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT