«Алаш Моңғолия» жастар ұйымының ашылуына жастардың сұранысы түрткі болды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу
2022 жылғы 27 ақпан 12:14

«Алаш Моңғолия» жастар ұйымының ашылуына жастардың сұранысы түрткі болды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Иран Қазақстанның тау-кен саласына инвестиция салуға дайын - Parstoday

Иранның Сауда, кен жəне өнеркәсіп министрінің орынбасары Ваджихулла Джафари Иранның Қазақстанда темір, боксит, қорғасын мен мырыш кен орындарына инвестиция салуға дайын екенін мəлімдеді, деп хабарлайды Parstoday ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Ваджихулла Джафари Теһранда Қазақстанның Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Руслан Баймишевпен кездесуінде екі елдің тау-кен өнеркәсібіне қатысты меморандумдарына тоқталған.

Сол кездесуде Ваджихулла Джафари екі ел арасындағы ынтымақтастық құжаттары тараптардың жіті бақылауын қажет етеді. Сол себепті меморандумдарды қайта қарастырып, келешек əріптестіктің негізі етіп алу керек екенін тілге тиек еткен.

Ваджихулла Джафари қазақстандық басшыға өз ұсыныстарын айтқан.

Оның айтуынша, Ирандық компаниялар Қазақстанның «Шакия» қорғасын мен мырыш кен орнында өңдеу зауытын салуға инвестиция құйғысы келеді. Сондай-ақ Ирандық вице-министр мамандар жиналысында бұл мəселе кеңірек талқыланатынын тілге тиек еткен.

Ташкентте «Науаи және қазақ әдебиеті», «Қардошлар» атты кітаптың тұсаукесері өтті - «ӨзА»

23 ақпанда Өзбекстан Жазушылар одағында белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик, жазушы, ақын, аудармашы және қоғам қайраткері, Өзбекстанда қызмет көрсеткен мәдениет қайраткері Қалдыбек Сейдановтың 80 жылдығына арналған «Науаи және қазақ әдебиеті» және «Қардошлар» атты кітаптарының тұсаукесері өтті, деп хабарлады « ӨзА « мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, Қалдыбек Сейдановтың «Науаи және қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегі үш бөлімнен тұратын болып, алғашқы бөлім «Қазақ-өзбек әдеби байланысы туралы» бауырлас өзбек пен қазақ халықтарының әдеби байланыстары жөнінде жазылған. «Төл сөздің атасы» атты екінші бөлімде сөз қасиеті сұлтанының өмірі мен поэзиясы баяндалған. Сондай-ақ «Науаи және қазақ әдебиеті», «Науаи және Абай» атты үшінші тарауда ұлы шайырдың қазақ ақындарының, атап айтқанда, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абайға әсері туралы ой-пікірлері сөз болады.

Аталған туынды «Адабиёт» баспасынан 1000 данамен жарық көрген.

Айта кетейік, Қалдыбек Сейдановтың «Қардошлар» атты кітабында қазақ пен өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары туралы жазылған. Кітап «Қазақ-өзбек әдеби байланыстарының тарихынан» және «ХХ ғасырдағы өзбек-қазақ әдеби байланыстары тарихына көзқарас» деген екі бөлімнен тұрады.

Бұл кітап 2021 жылы «Тафаккур» баспасынан 500 данамен жарық көрген болатын.

Өзбекстан Жазушылар одағы және Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен өткен шарада Қазақстан елшілігі қаламгерді мерейтойымен құттықтап «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медалді» табыс етті.

«Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, жас аудармашы Тұрсынәлі Ахметов жүргізген айтулы шараға, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғайрат Мажит, Өзбекстандағы Қазақстан елшісінің кеңесшісі Руслан Дуйсенов пен Өзбекстандағы қазақ және өзбек қаламгерлері, қоғам қайраткерлері қатысты», деп түйіндейді «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Қорғастан өткен Қытай-Еуропа пойыздарының саны 1000-ға жетті - «Халық Газеті»

Шыңжаңның «Қорғас» темір жол вокзалынан алған ақпаратына сәйкес, 23 ақпанға дейін аталған вокзалдағы Қытай-Еуропа пойыздарының биылға дейінгі саны 1000-ға жеткен.

23 ақпан күні стандартты қорапқа күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, тұрмыстық техника және механикалық бөлшектерді тиеген Қытай-Еуропа контейнерлік пойызы «Қорғас» темір жол вокзалы арқылы Қытайдан шыққан. Чжэцзян қаласынан жолға шыққан бұл пойыз Қазақстан арқылы Өзбекстанның Ташкент қаласына барады. Бұл «Қорғас» вокзалы арқылы өтетін Қытай-Еуропа бағытындағы 1000-ыншы пойыз.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық Газеті» ақпараттық порталы хабарлаған болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайдың «Қорғас» теміржол вокзалы пайдалануды басқару бөлімінің экономист көмекшісі Чен Кайцян тасымал ұйымдастыруын жалғастырып жатқанын, қайтар жолда алатын тауар көзін кеңейтумен бірге вокзал жұмысын тездеткенін айтты.

Сондай-ақ, Чен Кайцянның айтуынша, Қытай-Еуропа жүк пойызының платформасына сүйене отырып мультимодальды жақсартылды, кедендік ресімдеу процесі оңтайландырып, кеденнен өту уақыты қысқарған. Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» компаниясымен үйлестіру мен байланыс нығайып, пойыздар қозғалысының сапасы мен тиімділігі артқан.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, 2016 жылдың наурыз айында Қытай-Еуропа арасындағы алғашқы пойыздың қатынауынан бастап қытайлық «Қорғас» теміржол вокзалы 18 ел мен 45 қаланы, соның ішінде Германия, Польша, Түркия, Ресей және т.б. торапты қамтитын 29 тұрақты желісі бар халықаралық логистикалық қызметке айналған.

Барс Ауқатұлы: «Алаш Моңғолия» жастар ұйымының ашылуына жастардың сұранысы түрткі болды - Kaznews

Kaznew s ақпарат агенттігі «Жаңа есім» бағдарламасының кезекті қонағы «Алаш Моңғолия» жастар ұйымының басқарма мүшесі Барс Ауқатұлымен болған қысқаша сұхбатты ұсынды.

Әуелде спикер «Алаш Моңғолия» жастар ұйымын ашуға не түрткі болды? Өзге ұйымдардан ерекшелегі неде?» деген деген сұраққа жауап берді.

Барс Ауқатұлының айтуынша, аталған ұйымның ашылуына басты себеп ол жастардың сұранысы түрткі болған көрінеді.

«Өйткені әрбір студент өзін дамытуға лайық орта да болуды қалады, іздеді! Сосын ақырындап басқосулар бола бастады. Біз «Бірге талаптанып, бірге дамиық» -деген үндеумен ұйымның негізін қаладық», дейді «Алаш Моңғолия» жастар ұйымының басқарма мүшесі Б. Ауқатұлы.

Айта кетейік, аталған ұйымға домбырашы, әнші, және сазгер Оразбек Сейітахметұлы төрағалық етеді екен. Ол 2018 жылы ұйымның іргесін қалағандардың бірі. О. Сейітахметұлы 2019 жылы IT мамандығымен тәмәмдаған. Бүгінгі таңда Мемелекеттік басқару академиясында қызмет атқарады.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, «Алаш Моңғолия» жастар ұйымының негізгі мақсаты - білімді, ұлттық құндылықтарды сақтаған, отан сүйгіш, рухани дүниесі бай жастарды тәрбиелеуге күш салу. Сонымен қатар, жастарға ең әуелі тәрбие, сосын білім білу маңызды екенін көпшіліктің назарына ұсыну. Сондай-ақ, ұйымның тағы бір мақсаты – өнер жолына талпынған кейінгі жеткіншектерге қолдау көрсету.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT