Әлихан Смайылов БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті
2022 жылғы 16 маусым 13:02

Әлихан Смайылов БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасын қолдайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматы қаласында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ Әкімшісінің көмекшісі Уша Рао-Монаримен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нью-Йорктегі БҰҰДБ Атқарушы агенттігінің кеңесшісі Дерек Пайпер, БҰҰДБ Еуропа және ТМД бойынша өңірлік бюросы директорының орынбасары Марина Уолтер мен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш қатысқан кездесу барысында БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі аясында ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан 1992 жылғы 2 наурызда, тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай БҰҰ-ға мүше боп кіргенін еске салды.

«Содан бері біз БҰҰ-ның қолдауын ұдайы сезініп келеміз, ал оның жаһандық саясаты мен бағдарламаларына қатысу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Үкімет басшысының айтуынша, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы қызметі айтарлықтай дәрежеде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Осылайша, агенттіктің қатысуымен және қолдауымен Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында табиғатты қорғау жобалары іске асырылды, сондай-ақ жалпы ауданы 2 млн гектардан астам алты ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылды.

Премьер-Министр Қазақстан БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Елдік бағдарламасын қолдайтынын атап өтті.

«Бағдарлама «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген елдегі жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар тұрғысында өзекті болып табылады», - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Уша Рао-Монари БҰҰ-ның Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР ҰЭМ мен БҰҰДБ арасында Тұрақты даму мақсаттары саласындағы 2030 жылға дейінгі күн тәртібін және БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын іске асыру аясындағы ниеттер туралы хаттамаға қол қойылды, ол Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететін болады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT