Алматы әкімі өзін самокат қағып кете жаздағанын айтты
2022 жылғы 23 маусым 17:36

Алматы әкімі өзін самокат қағып кете жаздағанын айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алмалы ауданының тұрғыны қала әкімі Ерболат Досаевтан мопед, электросамокатта жүру тәртібіне қатысты шаралар қабылдануды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімінің кездесуіне келген Алмалы ауданы тұрғынының айтуынша, кәмелетке толмағандар екі доңғалақты көлікті жиі қолданады және жол ережесін сақтамайды. Салдарынан жол апаттары орын алады.

Әкім мопед, электросамокат, монодөңгелек секілді көлік құралдары көктем басталғалы күнделікті мәселелердің біріне айналғанын айтты.

«Өкінішке қарай, мопедтер біздің елде көлік болып саналмайды, олар электр қозғалтқышы бар велосипедке жатады. Сондықтан бүгінде ҚР Ішкі істер министрлігі самокат пен мопедтерге қатысты жол қозғалысын реттеуге арналған заң жобасын әзірлеуде. Мәслихатқа тапсырма бердім, бәлкім, қалада өзіміз реттейтін шығармыз, бірақ заңнамалық база керек», - деді әкім.

Ерболат Досаев самокаттарды ересектерге немесе жол қозғалысы ережелерін сақтауға мүмкіндігі бар адамдарға беру үшін әкімдік самокат операторларымен жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Мені де самокат қағып кете жаздады. Қаланы жаяу аралауға шыққан едім. Ішкі істер министрлігі заңнамалық базаны дайындап жатыр. Ол уақытқа дейін мопедті жалға беретін ірі операторлармен жұмыс істеуге тырысамыз», - деді шаһар басшысы.

Бұған дейін Терренкурде электросамокатпен жүргендердің жазаланатыны туралы жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT