Алматы облысында алабай тұқымды екі ит қыз баланы талап тастады
2022 жылғы 8 маусым 12:20

Алматы облысында алабай тұқымды екі ит қыз баланы талап тастады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында екі алабай ит қыз баланы қауып алды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында болған. Қазір бірнеше жерінен жарақат алған 7 жастағы бала Алматыдағы ауруханада жатыр.

«Бұл оқиға 5 маусым күні Тұздыбастау ауылында болды. Алабай тұқымды екі ит 7 жастағы қыз баланы қауып алған. Бетінен және денесінен жарақат алған қыз ауруханада жатыр. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 114 бабы 3-ші тармағына сәйкес тергеу жүргізілуде. Иттердің иесі 57 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Оның сөзінше, иттері арнайы қоршауда қамауда тұрады. Бірақ оқиға болатын күні аулаға тамақтандыру үшін босатылған. Сол сәтте екі ит ауланың сыртына шығып кетіп, балаға тап берген. Иттердің иесі кішкентай қыз баланың еміне қажетті көмек көрсетуге дайын»,- делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазір қажетті сараптамалар тағайындалды. Нақты процессуалдық шешім сараптаның қорытындысы шыққаннан кейін қабылданатын болады.

«Екі итті ұстау бойынша да шешім қабылданады»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT