Алматы облысының үздік дәрігеріне 7 млн теңге табысталды
2022 жылғы 18 маусым 16:57

Алматы облысының үздік дәрігеріне 7 млн теңге табысталды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында ұйымдастырылған «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стационардың үздік дәрігері» атанған Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының дәрігері Рамиль Қарасаев облыс әкімінің қолынан 7 млн теңгенің сертификатын алды.

Іле орталық аудандық ауруханасының өкілі Жұлдыз Кулманова «Үздік әлеуметтік қызметкер», КазЦик ауылының мекемесі «Үздік дәрігерлік амбулатория» аталымдары бойынша жеңімпаз деп танылып, ақшалай сертификаттарға ие болды.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері берілді. Жемісті еңбегі үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары тапсырылды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірдің денсаулық сақтау саласына биыл 4,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мекемелердің жабдықталуы – 91%. Биыл қосымша 106 арнайы медициналық құрал сатып алынбақ.

«Президент тапсырмасына сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалып жатыр. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жылдан-жылға осы салаға бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті мамандармен қамтуға да зор көңіл бөлінеді. Облыстың медициналық мекемелеріне соңғы үш жылда 354 дәрігер жұмысқа қабылданды. Қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамту мен дәрігерлер біліктілігінің арқасында індеттің беті қайтып, барлық сала қалыпты өмірге оралды. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген сіздердің әрқайсыларыңыз құрметке лайықсыздар», - деді Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында өткен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT