Алматыда 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді – Ерболат Досаев
2022 жылғы 30 маусым 10:13

Алматыда 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді – Ерболат Досаев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына тез жетіп, шұғыл шара қолдану үшін деполардың жағдайын жақсарту керек.

Бұл туралы Алматы әкімі Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысымен кездесуге арнайы келген Түрксіб ауданының тұрғыны өрт сөндірушілердің жұмысына шағымданды.

«27 маусым күні «Жас қанат» шағынауданында үй өртенді. Өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына 25 минут дегенде әрең жетті. Ол уақытта үй жанып, төбесі опырылып түсті. Мұндай төтенше жағдай кезінде құтқарушылар, полиция, жедел жәрдем қызметкерлері алғашқылардың бірі болып сол жерден табылу керек еді, өкіншіке орай, олай болмады»,- дейді Түрксіб ауданының тұрғыны.

Өз кезегінде Ерболат Досаев жаңа шағынаудандардың ашылуына байланысты өрт сөндіру деполары жетіспей жатқанын айтты.

«Алматыда жаңа аудандардың пайда болуына байланысты 15 өрт сөндіру депосы жетіспейді. Қазір деполар бойынша жоба дайындалып жатыр. Сонымен қатар, өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына тез жетіп, шұғыл шара қолдану үшін деполардың жағдайын жақсарту керек»,- деді Алматы әкімі.

Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Алматыда жаңа өрт сөндіру депосы ашылған болатын.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT