Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының заңсыз әрекеттері анықталды
2022 жылғы 20 маусым 17:00

Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының заңсыз әрекеттері анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының прокуратурасы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қатысуымен тексеру нәтижелері бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес келмейтін ұйғарымдар шығару арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін анықтады.

Алматы қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кәсіпкерлік Кодекстің 152-1-бабының 3-тармағына сәйкес анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды орындау мерзімі оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайларға қарамастан 10 күнтізбелік күннен кем емес болуы керек.

Дегенмен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері барлық жерде заңбұзушылықтарды жою мерзімін көрсететін нұсқама беріп, заңда көзделген мерзімді азайтқан.

Мәселен, дәмханалардың бірінде жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкерге ұйғарым шығарылып, онда анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі заңсыз 2 тәулікпен шектелген.

Қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары кәсіпкерлерге барлығы 265 осындай ұйғарым шығарып, онда анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі заңсыз қысқартылған.

«Прокурорлар тиісті шаралар қабылдап, барлық заңсыз қаулылардың күші жойылды, кінәлілер тәртіптік жауапқа тартылды»,-делінген хабарламада.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT