Алматыдағы тәртіпсіздіктер: Прокуратура қызметкерлерінің эвакуациялануы, өрт сөндірушілердің ерлігі
2022 жылғы 7 ақпан 18:31

Алматыдағы тәртіпсіздіктер: Прокуратура қызметкерлерінің эвакуациялануы, өрт сөндірушілердің ерлігі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ҚР Бас прокуратурасының Алматыдағы департамент ғимаратына бүлікшілердің шабуылы, прокуратура қызметкерлерінің эвакуациялануы және өрт сөндірушілердің ерлігі жайында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Руслан Әлкенев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Руслан Бүркітбайұлы, өздеріңіз білетіндей, біз Алматыдағы қайғылы оқиғалардың куәсі болдық. Әлеуметтік желілерде қаланың әкімшілік ғимараттарына шабуыл жасау туралы, сондай-ақ сіздің аумақтық орган қызметкерлеріңіз кепілге алынғаны туралы видео таратылды. Шын мәнінде оқиғаның қалай болғанын айтып берсеңіз?

Биылғы 5 қаңтарда Алматы қаласында болған қайғылы оқиғалар барысында мемлекеттік мекемелер мен бизнес объектілеріне жаппай шабуыл жасалды.

Осы күні жалпы саны 2 мыңға жуық адамнан, басым көпшілігі әртүрлі жастағы ер адамдардан тұратын адамдар тобы Масанчи көшесінен шығыс бағытта Бөгенбай батыр көшесімен жүріп келе жатты. Бұл адамдар полиция қызметкерлерінің қатарларын агрессивті түрде баса отырып, көшеде ұйымдасып жүрді деп айта аламыз.

Сағат 13.30 шамасында осы адамдардың назары Бөгенбай батыр көшесі, 145 мекенжайында орналасқан ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша басқармасының ғимаратына ауды.

Біздің барлық қызметкерлеріміз, яғни 61 адам жұмыс орындарында болды. Шиеленісті жағдайға байланысты ол уақытқа дейін ғимаратқа кіру жолы бұғатталған еді.

Шабуылдаушылардың бір бөлігі жалпы топтан бөлініп, арматураның металл шыбықтарымен, таяқтармен, кеспе тастармен және ғимараттың сыртқы абаттандыруына арналған өзге де элементтермен қаруланып, нысанды қирата бастады. Терезе әйнектерін сындырды, есіктерді бұзды.

Кіреберістегі топтан өтіп кете алған шабуылдаушылар ғимаратқа, кейін қызметтік кабинеттерге кіріп, жиһаз бен ұйымдастыру техникасын бұза бастады. Сонымен бірге бүлікшілер қызметкерлердің жеке мүлкін де, басқарманың қызметтік мүлкін де иемденді.

Сонымен қатар, шабуыл жасаушылардың тағы бір тобы тұрақ аумағының темір қақпасын бұзып, қызметкерлердің қызметтік және жеке автокөліктерін қирата бастады. Автокөліктердің шыныларын, әйнектерін, кузовын сындырды. Жалпы 27 автокөлік зақымдалды.

Шамамен 14 сағат 00 минутта шабуылдаушылар әкімшілік ғимаратты өртеп жіберді. Бұл ретте, бүлікшілер ғимаратта адамдар қалғанын білді деп ойлаймын.

- Қызметкерлерді эвакуациялау қалай өтті?

Өрт туралы дабылға жедел түрде екі өрт сөндіру тобы келіп, жалынды ауыздықтауға және басқарма қызметкерлерін эвакуациялауға кірісті.

Төменгі қабат жанып кетті, жоғарғы қабаттарда ауқымды түтін болды. Қызметкерлер өрт сатыларымен терезелер арқылы эвакуацияланды.

Қызметкерлер жанып жатқан нысаннан эвакуацияланғаннан кейін, ҚР ҰҚК-нің Шекара қызметінің көрші ғимаратына көшірілді.

Осы уақыт ішінде Комитет басшылығы басқармамен байланыста болып, әрекеттерді үйлестірді. Алматы қаласының прокуратурасымен, құқық қорғау және өртке қарсы қызмет органдарымен жергілікті және республикалық деңгейде жедел өзара іс-қимыл жүзеге асырылды.

Шиеленіскен жағдайға байланысты, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оларға тұрғылықты жері бойынша кету тапсырылды. Қызметкерлер арасында қатты зардап шеккендер жоқ.

- Әлеуметтік желілерде жалынмен күрескен өрт сөндірушілерге жасалған шабуыл туралы видео жарияланды. Осы жағдай туралы айтып берсеңіз.

Эвакуациядан кейін өрт сөндірушілер өртті сөндіруге кірісті. Қызметкерлердің бір бөлігі автокөлікпен аумақтан шыға бастады, 4 қызметкер, басқарма басшылығын қоса алғанда, ғимаратқа келтірілген зақымдарды тексеру және ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу жағдайын тексеру үшін кірді.

Осы кезде бүлікшілердің бір тобы басқарма ғимаратына қайта келіп, жалынмен күресіп жатқан өрт сөндірушілерге шабуыл жасады. Сондай-ақ жиналғандар біздің қызметкерлерімізге қарай ұмтылды.

Сан жағынан шабуылдаушылардың басымдығы болды, барлығы агрессивті және қатыгездік танытты. Осыған байланысты өртке қарсы қызмет қызметкерлері жанып жатқан ғимаратқа тығылуға мәжбүр болды.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар тағы да автокөлік пен ғимаратты, сондай-ақ ғимарат ішіндегі кабинеттер мен жабдықтарды қирата бастады. Өрт сөндіру автокөліктерінің бірін шабуылдаушылар ұрлап, екіншісін бүлдіріп, одан арнайы жабдық пен өрт сөндіру құралдарын ұрлап кетті.

Жағдайға қарамастан, өз міндеттерін лайықты орындаған өрт сөндірушілердің қайсарлығын атап өткім келеді.

Егер олар болмаса, біздің қызметкерлеріміздің денсаулығы мен өміріне тигізетін зардаптары ауыр болар еді.

Осы сәтті пайдалана отырып, Комитет қызметкерлерінің атынан өрт сөндірушілерге үлкен алғысымды білдіргім келеді.

- Шабуылдаушылардың әрекеттерін қалай бағалар едіңіз? Олар прокуратура органдарына әдейі жіберілді деп ойлайсыз ба?

Біздің басқарманың ғимараты шабуыл мен тонауға ұшыраған көптеген бизнес нысандары мен мемлекеттік органдардың бірі болды.

Олардың іс-әрекетінің мақсаты барлық билік органдарының, мемлекеттік мекемелердің қызметін тұрақсыздандыру, халықты қорқыту болды деп ойлаймын.

Бұл халықты қорқыту үшін террористік әрекеттер болды деп айтуға болады, өйткені зорлық-зомбылық пен агрессия қолданылды.

Шабуылдаушылардың әрекеттері әдейі жасалды. Олар прокуратура органдарының ғимаратына кіріп жатқанын білетін. Сонымен қатар, осыдан бұрын айтқанымдай, шабуылдаушылар ғимаратта адамдар бар екенін білді және оны сонда да өртеп жіберді. Яғни, олар көптеген құрбандардың алдында тоқтамас еді.

Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері, олардың жартысы әйел адамдар қиын жағдайда өздерін лайықты ұстады. Жағдайға қарамастан, Алматы қаласында да, еліміздің басқа өңірлерінде де құқықтық тәртіп органдарының қызметіне қажетті ақпараттық жүйелердің жұмыс қабілеттілігі қамтамасыз етілді.

Болған оқиғаның барлық мән-жайлары сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталып, бағаланатын болады.

- Келтірілген залалдың сомасы белгілі ме?

Тәуелсіз ұйымның алдын ала есептеулері бойынша келтірілген шығын сомасы шамамен 700 млн теңгені құрады. Негізінен ғимарат және басқа мүлік зақымдалды.

Осыған қарамастан, басқарманың жеке құрамы штаттық режимде жұмыс істейді және өз өкілеттіктері шеңберінде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын да, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді де қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта басқарма Алматы қаласы прокуратурасының ғимаратында орналастырылды. Басқарма ғимаратында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT