Алматының денсаулық сақтау саласына биыл 35 млрд теңге инвестиция тартылды
2022 жылғы 18 маусым 18:58

Алматының денсаулық сақтау саласына биыл 35 млрд теңге инвестиция тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Алматы қаласының денсаулық сақтау мекемелерінде үздік еңбек етіп жүрген бірқатар маман түрлі наградалармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтар болсақ, денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» белгісі, «ҚР денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «ҚР денсаулық ісінің үздігі» төсбелгілері мен қала әкімнің алғыс хаттары табыс етілді.

Ерболат Досаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, халықтың денсаулығын сақтау және азаматтардың өмірі үшін күресу жолындағы жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдірді.

«Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін ерекше мереке. Бұл мереке айналасында қуаныш пен үміт ұялаған адамдарға арналған. Науқас жанды емдеу, адам өмірін сақтап қалу – қажырлы және қастерлі іс. Сіздер адамдарға үміт сыйлайсыздар, олардың денсаулығы мен бақытты болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайсыздар деген сенімдемін. Сабырлық, мейірімділік, кәсіпқойлық қырларыңыз арта берсін. Қиын және мәртебелі еңбектеріңіз үшін зор алғыс білдіремін», - деді Ерболат Досаев Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен салтанатты жиында.

Алматы әкімі қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бірінші кезекте алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға күш салынады. Инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа медициналық қызметтерді енгізу басты назарда. Сондай-ақ, көпсалалы ауруханалар мен басқа да мекемелерге жаңа технологияларды енгізу көзделіп отырғанын айтты.

Биыл Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесіне жергілікті бюджеттен тартылатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 35 млрд теңгеге жетті. Жалпы, қаланың денсаулық сақтау жүйесінде 182 медициналық ұйым бар, онда 38 мыңнан астам маман жұмыс істейді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT