«Алтын Орда» базары төңірегіндегі дау әлі басылар емес
2022 жылғы 30 маусым 17:41

«Алтын Орда» базары төңірегіндегі дау әлі басылар емес

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы «Алтын Орда» базарының төңірегіндегі дау басылар емес. Қоғам белсенділері сәуір айында басшылық ауысқанымен, сауда орнында заң бұзушылықтар тоқтамағанын айтады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында осыған байланысты баспасөз мәслихаты өтіп, біраз жайттар айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз мәслихатында заңгер Дәурен Ғабдул «Алтын ордадағы» бассыздықтың әлі жалғасып келе жатқанын алға тартады. Оның айтуынша, қазір базарды көрші елдерден келген топтар бөлшектеп алып, өзара билік жүргізуге көшкен. Бұндағы саудагерлер сұғанақ қолдар көбейгенін, олардың жазасыздығын, қолдан қымбатшылық жасалып жатқанын айтып шағымданыпты. Сонымен қатар, базарда нәпақасын айырып жүргендер «Алтын орданың» қазіргі қожайыны тиісті жұмыстарды жүргізе алмай жатқанын, ал соңғы кездері болып жатқан заңсыздықтарға базардың бүгінгі иелері жауап беріп, тәртіп орнатуға міндетті екенін айтқан.

Сондай-ақ базардағы саудагерлер «Алтын орданың» қазіргі қожайыны тиісті жұмыстарды жүргізіп, тәртіпке келтіре алмай жатыр деген пікірде екен. Ал заңгер Дәурен Ғабдул компанияда 95 пайыз үлесі бар астанадағы экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкерінің құрылтайшылар құрамына қалай кіргені белгісіз деп отыр.

«Бұл шағын сауда орны емес, ірі логистикалық торап. Алматы қаласы мен Алматы облысын қамтамасыз етіп отырған сауда орны. Кемі 3 миллион адам деген сөз. Сондықтан стартегиялық нысан десе де болады. Егер базардың жұмысында ақау болса, бұл әрқайсымыздың дастарқанымыздағы нанымызға, жеп отырған етімізге дейін әсер етеді. Сондықтан «Алтын орданың» тағдыры бәрімізді алаңдатуы керек», дейді заңгер.

Айта кетерлігі, Алматыдағы «Алтын орда» – еліміздің ең ірі мегаполисін негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін сауда орны. Мемлекет басшысы сондықтан да «Алтын Орда» базарының қызметін ретке келтіруге қатысты тапсырма берген де болатын. Ал осыдан 3 ай бұрын келген жаңа қожайын базардың делдалдар араласуымен көтерілетін бағасына қатысты былықтарын жоюға уәде еткен. Сонымен қатар, «Алтын орданың» бұрынғы құрылтайшыларының үстінен 2017 жылы базарды рейдерлік жолмен тартып алғаны туралы арыз түскен болатын. Заңгердің сөзіне қарағанда, былық әлі басылмай, бұрынғы иелері базарды қайта иемденуге әрекеттеніп жатыр.

Еске сала кетейік, ақпан айында Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге «Алтын орда» базарын тәртіпке келтіруді тапсырған.

Сурет: matritca.kz

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT