Арнайы қосымша «қауіпті» жүргізушінің келе жатқанын автоматты түрде хабарлайды - ІІМ

2022 жылғы 4 қазан, 13:24
Арнайы қосымша «қауіпті» жүргізушінің келе жатқанын автоматты түрде хабарлайды - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жол ережесін бұзғандарды анықтайтын «Қорғау» қосымшасының бастапқы көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ерекше қауіп төндіретіндер – ережені өрескел бұзушылар. 71 мың осындай жүргізуші жол ережесін 6-дан 150 ретке дейін бұзған. Қазір біздің бастамамызбен, 6 қалада (Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан) «Қорғау» қосымшасы іске қосылды. Бұл жалған нөмірлері бар, сақтандыру полисі жоқ, іздеуде жүрген немесе жол ережесін жүйелі түрде бұзатын және айыппұл төлемей жүрген жүргізушілерді анықтайды», - деді Марат Ахметжанов Үкіметтің отырысында.

Бұған дейін, мұндай фактілер көліктерді тоқтатып, олардың құжаттарын жеке тексеруде ғана анықталатын. Ал қазір, «Қорғау» қосымшасы көшедегі камералардың деректерін талдап, полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші келе жатқанын автоматты түрде хабарлайды. Тез арада өрескел бұзушының жолы кесіледі.

«Қосымша арқылы жалған нөмірмен жүрген 604 факті анықталды. 1 609 жүргізуші куәлігінен айырылды. 2 400 мемлекеттік нөмір тәркіленді. Айыппұл тұрағына 8 мың автокөлік қамалды. Өңірлердің әкімдеріне барлық ірі елді мекендерде осы жүйені енгізу жұмысын қолға алу керек. Бұл – жолдағы мәдениетті арттыруға және жазаның бұлтартпастық принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Марат Ахметжанов.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar