«АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы қамауға алынды
2022 жылғы 20 маусым 17:38

«АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы қамауға алынды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиталл Теміртау» АҚ-ның екі басшысы төрт жұмысшының қаза болуына байланысты қамауға алынды. Бұл туралы Қарағанды облысының Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР ҚК-нің 277-бабында көзделген қылмыс жасады деген күдік бойынша жиналған материалдарды ескере отырып, жұмыс қауіпсіздігіне жауапты екі басшы ұсталды. 19 маусымда Теміртау тергеу соты аталған адамдарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомстводан мәлімдегендей, тергеу үшін арнайы комиссия құрылды, олар өндірістегі кісі өліміне байланысты іспен айналысады.

«Қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпорын қызметкерлері, оның ішінде өндірістегі қауіпсіздік техникасы үшін жауапты адамдардан жауап алынды», - деп атап өтті Полиция департаментінен.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 10 маусымында «Құрылысмет» ЖШС («АМТ» АҚ еншілес кәсіпорны) цехының жұмыс істемейтін № 9 термиялық пешінде отқа төзімді қалауды бөлшектеу кезінде шатыр опырылып құлаған болатын.

Нәтижесінде бес жұмысшы үйінділер астында қалды. Олардың төртеуі мерт болды, біреуі ауруханаға жеткізілді.



Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT