Асхат Оралов Алматыда зардап шеккен бизнес өкілдерімен кездесті
2022 жылғы 5 наурыз 14:21

Асхат Оралов Алматыда зардап шеккен бизнес өкілдерімен кездесті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Алматыға жұмыс сапарының екінші күні қаңтар айындағы оқиғалар кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ партияның жастар қанатының белсенділерімен алдағы жұмыс басымдықтарын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу барысында алматылық кәсіпкерлер Асхат Ораловқа нысандарды қалпына келтіру жағдайы және қазіргі таңда орын алып отырған түйінді мәселелер туралы айтты.

«Партия Төрағасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша нысандарды қалпына келтіру және зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылдануда. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, Алматыда 1 мыңнан астам кәсіпкер 3,7 млрд теңге сомасында төлем алды. Олардың ішінде сауда, қоғамдық тамақтану, логистика, БАҚ және басқа да салалардың субъектілері бар. 10 наурызға дейін тағы 200-ден астам өтінішті қарау жоспарлануда, осылайша өтініштердің 90% қанағаттандырылады», - деді Асхат Оралов кездесу қорытындысында.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде халықтың 40% жуығына жұмыс беріп отырған 1,4 миллионнан астам кәсіпкер бар. Алматы қаласының өзінде 200 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мәселелері әрқашан «AMANAT» партиясының басымдығы болып қала береді.

Осы күні Асхат Оралов партия жастар қанатының белсенділерімен де кездесті.

«Партияны трансформациялау жүріп жатқан кезеңінде «Jas Otan» жергілікті жерлердегі жастардың проблемаларын шешуге бағыталған жұмысты бұрынғыдан да күшейтіп, оны күн тәртібінен түсірмеуі тиіс. Қазіргі уақытта партия жастардың, оның ішінде NEET санатындағы жас буынның түйінді мәселелерін анықтау бойынша кешенді талдау жүргізуде. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша жаңа жастар бағдарламасы әзірленіп, ол «Jas Otan» форумында қабылданады», - деп түйіндеді Асхат Оралов.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT