Астана полицейлеріне ақылы жолдардағы бейнебақылау камералары қолжетімді болмақ
2022 жылғы 30 маусым 13:53

Астана полицейлеріне ақылы жолдардағы бейнебақылау камералары қолжетімді болмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында ұрлықтың алдын алу және ізін суытпай ашу мақсатында полиция қызметкерлері үшін республикалық жолдарда орнатылған бейнебақылау камераларын қолжетімді ету мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен ақылы тасжолдар бойындағы бейнебақылау камераларына полиция қызметкерлерінің қолжетімді болу мәселесі қаралып жатыр. Яғни ұрлықтың алдын алу мақсатында құзырлы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жұмыс қолға алынуда. Бұл шара ұрлық болған жағдайда істі шұғыл ашып, кінәліні тез табуға септігін тигізеді. Жалпы осы күнге дейін ұрлықтың алдын алуға қатысты 24 профилактикалық іс-шара және 48 рейд өтті», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Есіл ауданы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы, полиция майоры Самғат Тынышев БАҚ-қа арналған брифингте.

Оның айтуынша, көктем мен жазда елорда аумағында көбінесе велосипед, самокат қолды болады. Сондай-ақ, қала сыртындағы саяжайларда ұрлық жиі тіркеледі.

«Шлагбаум бар ақылы жолдарда бейнебақылау камералары орнатылған. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының мұрағатына қол жеткізуі үшін біз «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлесіп жұмыс істейміз. Мысалы, көлік ұрланды делік, ұры көлікті ақылы жолмен Қарағанды жаққа мініп кетеді. Осы тұста автомобиль мен ондағы күдіктіні анықтап, табу үшін біз «ҚазАвтоЖолға» ресми сауал жіберуіміз керек. Бұл процесс уақыт алады. Егер аталған компаниямен бірлесіп әрекет етсек, ұрлық жасау фактісін жедел ашу мүмкіндігі туады. Полиция қызметкерлеріне бейнебақылау камералары қолжетімді болмақ», - дейді ол.

Бұған дейін қалалық полиция департаментінің өкілі елорда аумағында болатын қылмыстың 41 пайызы ұрлық жасаумен байланысты екенін айтып өтті.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT