Астанада волейболдан  ардагер спортшылар арасында халықаралық турнир өтті
2022 жылғы 27 маусым 01:14

Астанада волейболдан  ардагер спортшылар арасында халықаралық турнир өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Астана» спорт кешенінде волейболдан ардагер спортшылар арасында халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Турнир Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері Ерсұлтан Бектұрғановтың 70 жылдық мерейтойына арналды.

Мемлекеттік қызметтің ардагері, ҚР Парламенті Мәжілісінің V-VI шақырылымдарының депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов елімізде бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып келеді. Биыл өзі құрған «Сарыарқа» волейбол клубының 25 жылдығы. Оның негізі 1997 жылы елордаға қоныс аударған мемлекеттік қызметшілерден құралған еді.


Жарысқа Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Алматы, Ақмола, Түркістан өңірлерінің және Өзбекстан Республикасының командалары қатысты. Сонымен қатар жаңадан құрылған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары да өз командаларын жасақтап жарысқа жіберді.


Екі күнге созылған жарыс қорытындысында 8 команданың ішінен финалға Алматы облысы мен «Сарыарқа» волейбол клубы шықты. Бес партияға созылып, өте тартысты өткен бәсекеде Алматы командасы жеңіске жетіп, арнайы кубокқа ие болды. Ал үшінші орынның жүлдесі – Түркістан облысының спортшыларының еншісінде. Жақсы өнер көрсеткен бірнеше спортшы «үздік қорғаушы», «үздік тосқауылшы», «үздік шабуылшы» атанды. Оларға сыйлықтар табыс етілді.


«Ерсұлтан Өтеғұлұлының 70 жасқа толған мерейтойына команда алып келіп тұрмын. Екеуміз бірінші сыныпқа бірге барғанбыз. Содан бері доспыз. Біздің әке-шешелеріміз өзара дос болды. Сол достықты біздер жалғастырудамыз. Біраз жасқа келсек те, спортты серік етіп келеміз. Осындай жарыстар жастарға үлгі болады»,- деді мемлекет қайраткері Амандық Баталов ҚазАқпарат тілшісіне.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT