Астаналық кәсіпкерлер жаңа балабақша, мектеп салуға дайын – Атамекен
2022 жылғы 16 наурыз 18:15

Астаналық кәсіпкерлер жаңа балабақша, мектеп салуға дайын – Атамекен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың бизнес қауымдастығы қалада жаңа мектеп және балабақша салуға дайын. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы ұлттық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаладағы орта білімге қатысты мәселенің бірі - мектеп тапшылығы. Бүгінде елордада үш ауысымды мектептер әлі де бар. Осы мәселені шешу үшін елордалық бизнес қауымдастық, атап айтқанда кәсіпкерлер жаңа балабақша, мектеп салуға дайын. Оның ішінде білім орталықтары да бар. Сонымен қатар жеке балабақшалар мен колледждер жан басына берілетін қаржының көлемін арттыруды сұрап отыр», - деді Бейсен Жолболдиев.

Спикер ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде Нұр-Сұлтанда 149 мектеп бар. Оның 99-ы - мемлекеттік, 43-і - жекеменшік.

Сондай-ақ, 425 балабақша жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 326-сы - жекеменшік және 99-ы - мемлекеттік балабақша.

«Оқушыларды ыстық тамақпен қамтудың ең төменгі құны - 660 теңге. Бұл - тек шығыс, өйткені аталған сомаға кіріс енгізілмеген. Одан бөлек, азық-түлік бағасының жиі өзгеріске ұшырап тұратынын ескеріңіз», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада мектепалды және орта білім проблемаларына арналған отырыс өтті.

Шараны ұйымдастыруға қалалық ұлттық кәсіпкерлер палатасы және білім басқармасы ұйытқы болды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT