Атам мен әкемнің «Ақталды» деген хаты әлі күнге дейін сақтаулы тұр – Сұлтанбек Қожанов
2022 жылғы 31 мамыр 12:50

Атам мен әкемнің «Ақталды» деген хаты әлі күнге дейін сақтаулы тұр – Сұлтанбек Қожанов

КЕНТАУ. ҚазАқпарат - Кентау қаласында халқы үшін туған қайраткер Сұлтанбек Қожановтың ұрпақтары тұрады. Соның бірі алаш арысының кіші інісі Сейдолланың кенже баласы, атасының атын иемденген Сұлтанбек Қожанов, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кентау трансформатор зауытынды қызмет атқаратын Сұлтанбек бүгінге дейін әкесі мен атасы жайлы біршама мәліметтерді жинаған. Кітап жаздырып та, көпшілікке ұсыныпты. Бар мақсаты - атасы мен әкесі туралы тың деректерді толықтырып, еңбегін насихаттау.

«Әкем ағасы Сұлтанбек жайында көп айтып отыратын. Елді ашаршылық жайлаған кезде ол 12-13 жасар бала болыпты. Темір торға қамалардың алдында інісі ағасымен бір тәулік бойы сөйлескен екен. Содан ертеңіне түнде екі солдат келіп атамды алып кетіпті. Алғашында аудандық түрмеде бір айға жуық жатыпты. Кейін қайда кеткені белгісіз», дейді ол.

Кейіннен бала Сұлтанбектің әкесі Сейдолланы да Созақтан ұстап, Қарағандының түрмесіне дейін жаяу алып барған. Одан жер аударып Сібірге жіберген. Жалпы жаратушымыз өзі жар болып, көмектескен болар, Сейдолла Қожанов сол кездегі ату жазасынан аман қалыпты. «Тамақ, су деген мүлдем жоқ. Күніне болар-болмас нанға жүрек жалғап күнелткен екен. Аяқтарының саусақтары үсіп кеткен. Қиыншылықты көп көрген. Түрмеден босатылған соң бірден Сарыағаштағы Қамар ағасының үйіне барған. Кейін Ақсүмбеге оралды»,- дейді Сұлтанбек. Арада біршама уақыт өткен соң, Кентау қаласына қоныс аударған Сейдолла Қожанов көптеген жылдар бойы шахтада жұмыс істеді. Сонда да орган қызметкерлері халық жауы деп қайта-қайта тиісіп, тыныштық бермепті. Қаншама қиындық кездессе де мойымай, абыройлы еңбек етіп зейнетке шықты.

«Сұлтанбек атам мен Сейдолла әкеме «Ақталды» деп Мәскеуден хат келді. Ол үйде әлі күнге дейін сақтаулы тұр» - дейді ол.

Бүгінде Қожановтар әулетінен тараған ұрпақтар Кентау қаласында тұрады. Ал, атасымен аттас Сұлтанбек өндіріс саласында еңбек етіп жүр. Бос уақытында кітапханаға барып атасы мен әкесі жайындағы естеліктерді жинақтаумен шұғылданады. Ғылыми конференцияларға қатысып тың мәліметтерді іздестіреді.

«Менің атымды: «Сұлтанбек ағамның аты өшпесін, ұмытылмасын», деп әкем қойған екен. Бүгінде өзім де ұл-қыз өсіріп отырмын. Нұрдәулет, Нұрасыл, Албина, Әлия есімді ұл-қыздарым бар. Олар да аталары жайлы өлеңдерді, қарасөздерді жаттап алған. Мектебінде үлкен мақтанышпен айтып жүреді. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде және атам мен әкемнің қайтыс болған күндерінде ағайын-туысты жинап, аруағына жыл сайын құран бағыштап тұрамыз. Атам Сұлтанбек Қожановтың жерленген жері Мәскеу шетіндегі «Коммунарка» зиратынан табылғанда әулетімізбен қатты қуандық. Елді жинап ас бердік. Арнайы делегация туған жері Ақсүмбенің топырағын зиратына салып келді. Кейіннен кітап шығардық. Ендігі арманым атам мен әкемнің өмірінен сыр шертетін кино түсірсек екен деймін» – дейді атасымен аттас Сұлтанбек Қожанов.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT