Атырау көшелерінен 40 мың текше метр жаңбыр суы сорылды
2022 жылғы 10 мамыр 19:36

Атырау көшелерінен 40 мың текше метр жаңбыр суы сорылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 8 мамырда басталған жаңбыр бүгін таңертеңге дейін толассыз жауды. Қала көшелерінен жаңбырдан кейін 40 мың текше метр су сорылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Атырау қаласының аумағында нөсер жаңбырдан 36 мм ылғал түскен. Бұл – айлық нормадан артық.

Салдарынан шаһардағы жеке тұрғын үйлер мен орталық көшелерде су жиналып қалған. Түнгі мезгілде екі үйді су басқан.

«Атырау қаласында жауған жаңбыр көшелерде судың мол жиналуына себеп болды. Осыған байланысты қалалық әкімдікке тұрғындардан өтініш көптеп түсті. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, 9 мамырда көшелер мен аулаларда жиналған суды сору жұмысы басталды. Осы мақсатта «Арнаулыавтобаза» ЖШС мен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК тарапынан 54 вакуум көлігі шығарылды. Бұл жұмысқа 78 адам жұмылды. Кешеден бері қала көшелерінен 40 мың текше метр су сорылды. Нөсер жаңбырдың суын соруға жеке иеліктегі вакуум көліктері де тартылды»

, - деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.


Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, орталық көшелерден бөлек, су басу қаупі жоғары жеке тұрғын үйлердің ауласынан су соруға мейлінше назар аударылып отыр.

«Арнаулыавтобаза» ЖШС-нің директоры Алмас Ізтілеуовің мәліметіне сүйенсек, жаңбыр суын сору екі ауысыммен жүргілізіліп жатыр. Бұл жұмыс түнгі мезгілде де жалғасын табады.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жолаушылар автобусы суға түсіп кеткенін хабарлаған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT