Атырау облысында жол апатынан 5 адам мерт болды
2022 жылғы 26 маусым 23:19

Атырау облысында жол апатынан 5 адам мерт болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жол апатынан бес адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 26 маусым күні сағат 16:00 шамасында болған.

«Республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 31-шақырымы тұсында Toyota Hiluxe және Hyundai Tucson автокөліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Hyundai Tucson​ көлігін​ің 37 жастағы жүргізушісі мен оның 4 жолаушысы оқиға орнында қаза болды. Toyota Hiluxe автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен облыстық ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады департаменттен.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік апатына жолда жүру ережесін сақтамау себеп болды. Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Ұқсас жаңалықтар
Шығыс Қазақстанда биыл жол апатынан 24 адам көз жұмды
2022 жылғы 10 тамыз 21:43

Шығыс Қазақстанда биыл жол апатынан 24 адам көз жұмды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жол апатынан 24 адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіп сақшылары өңір аумағында 19 шілдеден бастап «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасын өткізуде. Мұндағы мақсат – жолдағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, ереже бұзушыларды жауапқа тарту. Жыл басынан бері облыста 240 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 24 адам қаза болып, 330-ы жарақат алған.

«Шара басталғалы полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзған 11 500-ден астам адамға әкімшілік хаттама толтырды. Мас күйде көлік басқарғаны үшін 78 жүргізуші ұсталды. Жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 815 адам жауапқа тартылды. 181 көлікті пайдалануға тыйым салынды, оның ішінде 158 көлік мамандандырылған тұраққа орналастырылды», - дейді облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Талғат Нұриев.

Оның айтуынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Сергек-Қорғау» қосымшасы пилоттық режимде іске қосылған. Соның көмегімен жол қозғалысы ережелерін тұрақты бұзушылар анықталады.

Мәселен, Өскемен қаласының аумағында аталған қосымшаның көмегімен 139 көлік тоқтатылған. Олар бойынша 9 млн теңгеге жуық сомаға 415 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді.


Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері «Абай күнін» атап өтті
2022 жылғы 10 тамыз 13:24

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері «Абай күнін» атап өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз еліміздің мерекелік күнтізбесіне «Абай күні» болып бекітілді.

Мерейлі мереке аясында Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ұлы Абайдың 177 жылдығына арналған бірқатар іс-шараларды ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған орай, департаментте Абайдың асыл мұрасын насихаттайтын «Тұлғаға тағзым» атты кітап көрме қойылды.

Көрме барысында жас қызметкерлер ғұлама ақынның, абайтанушылардың, зерттеушілірдің еңбектерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, департаменттің ведомствалық музей басшысы, тарих ғылымдарының магистрі Шынар Нұржанқызы Уайсова жеке құрам арасында Абай Құнанбайұлының өмірін насихаттау, ақынның шығармашылығы арқылы мақтаныш сезімін, патриоттық рухты тәрбиелеу бойынша дәріс өткізді.

Дәрістің мақсаты – Ұлы Абай мұрасының қазақ руханиятында алар орны, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен оның құндылығы, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі жөнінде кеңінен ақпарат беру, сол арқылы тәртіп сақшыларының патриоттық, ерлік, жігерлік сезімдерін нығайту болып табылады.

Іс-шара барысында полицейлер ғұлама ақынның шығармашылық мұрасымен, абайтанушылардың зерттеулерімен тереңірек танысып, күнделікті қарбалас жұмыстарынан бір уақыт алшақтап, пайдалы мағлұмат алды.


Полиция Ұзынағаш ауылындағы кісі өліміне қатысы болуы мүмкін күдіктілерге іздеу жариялады
2022 жылғы 10 тамыз 13:12

Полиция Ұзынағаш ауылындағы кісі өліміне қатысы болуы мүмкін күдіктілерге іздеу жариялады

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында адам өліміне қатысы бар күдіктілерге полиция іздеу жариялады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер ұсталған сәтте сот санкциясымен бірден қамауға алынады. Қазір құзырлы орган төрт адамға іздеу жариялады.

1. Қозыбаев Ғани Мұратұлы 1991 жылы 3 қарашада туған. Оған 99 баптың (Адам өлтіу) 2 бөлігі 1,7,9 тармағы және 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік келтіріліп отыр.

2. Тыныштықов Асқар Жаныбекұлы 1992 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Оған «Адам өлтіруге» оқталу бабы және 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдік келтірілді.

3. Шокенов Серікбола Мұратбеков 1992 жылы 1 қаңтарда туған. Ол 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке алынып отыр.

4. Аукенов Нұрсұлтан Бақтиярұлы 1992 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Ол 293 баптың 2 бөлігі 3 тармағында (Қаруды қолдану арқылы бұзақылық жасау) көрсетілген қылмысты жасады деген күдікке алынып отыр.

Полиция күдіктілер жайлы ақпарат білетіндер төмендегі номерге хабарласуды сұрайды.

+7 701 500 08 47, +7 700 200 07 88, +7 702 717 77 17, +7 707 738 78 78, +7 72770 2 26 02 немесе 102.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT