Атырауда адам өміріне қауіпті 1,5 тоннадан астам тауық еті жойылды
2022 жылғы 8 маусым 22:22

Атырауда адам өміріне қауіпті 1,5 тоннадан астам тауық еті жойылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда адам өміріне қауіпті 1,5 тоннадан астам тауық еті жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, тауық етіне сараптама жүргізілген.

«Атырау қаласындағы көтерме және бөлшек сауда нысандарынан санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін 108 түрлі тауық етінің сынамасы сатып алынған. Сараптама жүргізу нәтижесінде 108 сынаманың 40%-дан астамының Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС-нің бройлер-балапан етінен адам өміріне қауіп төндіретін бактериологиялық көрсеткіші табылды. Осыған байланысты ірі кәсіпкерлік субъектісі – «Метро Кэш энд Керри» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру тағайындалды. Тексеру кезінде субъект тарапынан өнім сапасының талапқа сәйкес еместігі анықталып, сатылымдағы 1 тонна 597,65 келі бройлер тауық етін жою туралы санитарлық-эпидемиологиялық нұсқама берілді», -деп хабарлады Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.

Адамның өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін жою жөніндегі комиссияның шешімі негізінде қауіпті тауық еті өртелді. Өнімді жою іс-шарасына Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және қалалық ветеринарлық инспекция басқармаларының мамандары, сондай-ақ, «Метро Кэш энд Керри» ЖШС-нің сенімді өкілі қатысты.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда заңсыз айналымнан 3972 бөтелке алкоголь мен 2500 литр дизель алынғанын хабарлаған едік.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT