Атырауда алғаш рет халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр
2022 жылғы 17 тамыз 04:08

Атырауда алғаш рет халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда алғаш рет «Atyrau Chess Festival» халықаралық шахмат фестивалі өтіп жатыр. Әлем чемпионы Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы ұйымдастырған фестивальге Қазақстан, АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь және Ресейден келген 300-ге жуық спортшы қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық шазмат фестивалінің ашылуына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Александр Данилов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қатысты. Сондай-ақ, фестиваль қонақтарының арасында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бар.

«Атырауда халықаралық шахмат бәсекесі алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке және салауатты өмір салты құндылықтарына тәрбиелеу үдерісіне оң әсерін тигізеді», -деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Әкімнің мәліметінше, өңірде 1984 жылы спорт мектептерінде шахмат үйірмесі ашылған. Қазір облыста шахмат спортымен 18 355 адам айналысады. Оның ішін ауылдарда үйірмелерге 11 330 адам барады.

Фестивальге кәсіби спортшылар мен халықаралық гроссмейстерлерден бөлек, Динара Сәдуақасованың шахмат академиясынан 58 тәрбиеленушісі қатысуда. Мәселен, 6 жасқа дейінгі категорияда облыс чемпионы Әли Сапаров екі жылдан астам уақыт академияда білім алған. Ол енді алғаш рет халықаралық сайыста бақ сынауға бекінген.

Тағы бір қатысушы Нұрпейіс Үмбетқалидың жасы – 13-те. Шахмат академиясының тәжірибелі жаттықтырушылардан дәріс алған ол республикалық жарыста жеңіске жеткен. Енді ол да бірінші рет халықаралық шахмат жарысына қатысып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін ҚР Президенті халықаралық шахмат фестиваліне қатысушыларға құттықтау жолдағанын жазған едік.



Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT