Атырауда саяжайдағы тұрғын үйге жылан кіріп кеткен
2022 жылғы 6 маусым 22:32

Атырауда саяжайдағы тұрғын үйге жылан кіріп кеткен

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда саяжайдағы тұрғын үй бөлмесіне жылан кіріп кеткен. Бауырымен жорғалаушыны төтеншеліктер ұстап алып, табиғи мекеніне жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, оқиға кеше, 5 маусымда тіркелген.

«Департаменттің диспетчерлік пультіне кеше, 5 маусымда кешкі сағат 20.28-де тұрғын үйге жыланның кіріп кеткені туралы хабар түсті. Атырау қаласының «Көктем» шағын ауданы аумағында орналасқан саяжай учаскесіндегі тұрғын үй иесі жылыту қазандығы бар бөлмеден жыланды байқап қалған. Шақырту орнына жеткен құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен жыланды ұстап алды. Бауырымен жорғалаушыны пластикалық шелекке салып, табиғи мекеніне жіберді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Осыған байланысты Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға есте сақтауға тиіс кеңес ұсынып отыр.

«Жыланды көрген кезде оқыс қимыл жасауға, жүгіруге болмайды. Жыланның өздігінен кетіп қалуына жол беру қажет. Егер жылан адамды шағып алса, онда оны көлденең күйде жатқызып, тыныштық сақтау керек. Осыдан кейін медициналық мекемеге жеткізген жөн», - деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында биылғы бес айда 5 адам суға батып кеткенін жазған едік.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT