Атырауда топырақ үйіндісінің астында қалған екі адам қайтыс болды
2022 жылғы 19 маусым 16:47

Атырауда топырақ үйіндісінің астында қалған екі адам қайтыс болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда топырақ астында қалған екі ер адам қайтыс болды. Олар жеке тұрғын үйдің жанынан қазылған шұңқырға құлаған топырақтың астында қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Екі адамның өліміне соқтырған қайғылы оқиға кеше болған.

«18 маусымда екі ер адам Атырау қаласындағы «Жұлдыз» шағын ауданында орналасқан жеке тұрғын үйдің жанынан шұңқыр қазған. Сол кезде су құбыры жарылып кеткен. Соның салдарынан қазылған шұңқырға топырақ үйіндісі құлаған. Екі ер адам топырақ үйіндісінің астында қалып, шыға алмаған. Екеуі де оқиға орнында қайтыс болды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Қайтыс болғандардың бірі – 1989 жылғы, екіншісі – 1999 жылы туған.

Қазір полиция қызметкерлері осы дерекке байланысты тергеу амалын жүргізіп жатыр.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

«Жұлдыз» – Атырау қаласындағы жаңадан бой көтерген шағынаудан. Мұнда жеке иеліктегі тұрғын үйлер салынған. Бұрын дәл осы шағынауданнан 1,5 жасар балақай үйінен шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған еді. Кейін ол өз үйінің ауласындағы кәріз резервуарынан табылды.

Бұдан бөлек, осы шағынауданда екі жасар баланы қабаған ит талап, ауруханаға түскен еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT