Атырауда Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілді
2022 жылғы 30 маусым 08:55

Атырауда Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауытының мамандары Жайық өзеніне 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабағын жіберген.

«Бұл жұмыс балық ресурстарын молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің қорын сақтау, қалпына келтіру мақсатында жыл сайын жүргізіледі. Бекіре шабақтарын су айдындарына жіберу Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Бағалы бекіре тұқымдасына жататын қортпа, шоқыр, орыс бекіресі, сүйрік балықтарының шабағы зауытта жасанды түрде өсірілді», -деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.

Жыл сайын Жайық өзенінің ұйықтық учаскелерінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің аталығы мен аналығы ауланады. Одан әрі инкубациялау үшін балықтан тірі күйінде уылдырық пен шоғал алынады.

«Биылғы жылдың 19 сәуірінде салмағы 190 келі қортпа ауланды. Кейін одан табиғи мекен ету ортасына жіберу үшін орташа салмағы 15 граммды құраған 729 мың шабақ алынды. Шабақтар Жайық өзеніне жіберілді. Бұған қоса 629 мың дана сүйрік, 419 мың дана орыс бекіресі мен 1,723 млн дана орыс бекіресінің шабағы су айдынына жол тартты», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде табиғи мекендеу ортасына бағалы балық түрлерінің 93,1 млн дана шағын жіберу жоспарланған. Оның ішінде бекіренің 7,5 млн дана шабағы бар.

«Осы кезге дейін мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке балық өсіру шаруашылықтары 69,4 млн дана балық шабағын өсіріп, табиғи мекендеу ортасына жіберді. Балық ресурсын жасанды жолмен молайту жөніндегі мұндай жұмыс жалғас қазан айына дейін жалғасады», -деп түйіндеді комитеттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау балықшылары 200 келі тартатын алып қортпа аулағанын хабарлаған едік.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT