Атыраудағы шаңды тұман: Мұнай зауыты апаттық жағдай болмағанын мәлімдеді
2022 жылғы 10 тамыз 00:41

Атыраудағы шаңды тұман: Мұнай зауыты апаттық жағдай болмағанын мәлімдеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау мұнай өңдеу зауытында апаттық жағдай тіркелмеген. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

9 тамыз күні Facebook-те: «Үйіңізге қоңырау шалып, барлық терезені жаптырыңыз, бүкіл отбасы мүшесіне үйде болуға кеңес беріңіз. Дәл қазір Атырау МӨЗ-інде газ бұлты шығып жатыр. Жел көтеріліп, оны тарқатып жібереді деп үміттенейік! Егер сізде бас ауруы, көздің, терінің қышуы, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер болса, хабарлаңыз. Үйге немесе Clinique барыңыз. Жақын арада басшылықтан нұсқау аламыз» деген хабар тарады.

Осыған байланысты «АМӨЗ» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімі зауыттың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлім етті.

«Зауытта ешқандай авариялық жағдайлар, атмосфераға шығарындылар тіркелмегенін хабарлаймыз. Бүгінгі желдің бағыты – солтүстік-шығыстан. Жел Атырау қаласынан соғады. Бұл қаладағы ауа жағдайына әсер ете алмайды. Демек, 9 тамызда Атырау қаласында түтіннің пайда болуына АМӨЗ-дегі өндірістік процесс себеп бола алмайды», -деп мәлімет таратты зауыттың қоғаммен байланыс бөлімі.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда шаңнан тұман қалыптастып, экологтар ауадан сынама алғанын жазған болатынбыз.

«Бүгін Атырау қаласында шаң тәріздес тұман пайда болды. Осыған байланысты Атырау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары атмосфералық ауадан сынама алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сынама жұмыстары Пропарка, Химиктер кенті, қаланың оң жақ бөлігіндегі кәріздік тазарту қондырғысынан алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT