Атыраулық спортшы самбодан Азия чемпионы атанды
2022 жылғы 6 маусым 16:12

Атыраулық спортшы самбодан Азия чемпионы атанды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының спортшысы Айдынбай Қайырберді самбодан Азия чемпионы атанды. Ал, екі спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, самбошы Айдынбай Қайырберді Азия чемпионатының жеңімпазы атанды.

«Ливан елінің Джуния қаласында спорттың самбо түрінен Азия чемпионаты 2-4 маусым күндері өтті. Чемпионатқа құрлықтағы 16 елден 260 спортшы қатысып, ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы ең мықтыны анықтау үшін бақ сынады. Ел намысын ерлер тобында қорғаған спортшылардың қатарында Айдынбай Қайырберді де бар. Ол 58 келі салмақта тартысқа толы кездесулерді сәтті өткізіп, қарсыластарының бәрінен басымдығын танытты. Сөйтіп, Азия чемпионатының жеңімпазы атанды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Ал, қыздар арасында Аружан Жандарбай күміс жүлдені еншіледі. Ол жасөспірімдер тобында 72 келіде сынға түскен еді.

Бұл чемптонатта тағы бір спортшының бағы жанып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол –жасөспірімдер арасында 53 келіде белдескен Аңсаған Қазбек. Енді оның еншісінде Азия чемпионатының қола жүлдесі бар.

«Айдынбай Қайырберді – бұған дейін де бірнеше сайыста бақ сынап, тәжірибе жинаған спортшы. Ол 2019 жылы Үндістан елінің астанасы – Дели қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатына қатысқан. Сол додада өз салмағындағы қарсыластарын қапы қалдырып, Азия чемпионы атанған еді», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін армрестлингтен Атырау ардагерлері Азия чемпионы атанғанын https://www.inform.kz/kz/armrestlingten-atyrau-ardagerleri-aziya-chempiony-atandy_a3927709 хабарлаған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT