Атыраулық тұрғын полицияға 1944 жылы шыққан тапанша тапсырды
2022 жылғы 13 мамыр 06:08

Атыраулық тұрғын полицияға 1944 жылы шыққан тапанша тапсырды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғындары тапсырған 41 заңсыз қару 2,8 млн теңгеге бағаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 25 сәуірден бері 37 адамнан қару тапсыру туралы өтініш түскен.

«Заңсыз қаруды тапсыру акциясы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттардан болатын зардаптың алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Аталған акция басталғаннан бері 37 адам полицияға заңсыз сақталып келген қаруларды өз еркімен тапсыру туралы ниет білдірді. Тұрғындар өз еркімен 36 тегіс ұңғылы, 5 иір ойықты қару тапсырды. Полицияға тапсырылған қарулар 2 млн 852 мың 460 теңгеге бағаланды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Мәселен, Құрманғазы ауданының тұрғындары 1892 жылы шығарылған «Мосина» маркалы винтовкасы мен «Шпагин» пулеметінің тапаншасын тапсырған. Тапаншаның 1944 жылы зауыттан шығарылғаны белгілі болған.

«Мұндай ескі қаруларды кейінгі ұрпаққа мұра ретінде сақтаудың қаупі басым. Өйткені, қаруды заңсыз сақтау адам өмірін өкінішке ұрындарар зардапқа соқтыруы мүмкін. Сол себептен, заңсыз сақталған атыс қарулар мен оқ-дәрілерді ішкі істер органдарына өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық, әкімшілік жауапкершіліктен босатылады», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Заңсыз сақталған қарулар мен оқ-дәрілерді тапсырған адамдарға сыйақ Ішкі істер министрінің «Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру қағидаларына бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес төленетін болады.

Еске сала кетелік, Атырауда 1892 жылғы винтовка мен соғыстан қалған тапанша полицияға тапсырылғанын хабарлаған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT