Азаматтардың табысын арттыру бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды - Премьер-Министр
2022 жылғы 10 наурыз 11:00

Азаматтардың табысын арттыру бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды - Премьер-Министр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет қабылдап жатқан барлық іс-шара туралы қоғам кеңінен хабардар болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың табысын арттыру мәселесі бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды. Қорыта келгенде Ұлттық даму жоспары да, ұлттық жобалар да, жалпы Үкіметтің бағдарламалық құжаттарының бәрі де халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр. Барлық мемлекеттік ұйымның алдында ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті тұр», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, аталған іс-шаралар бойынша мемлекеттік органдар мен өңірлер үшін нысаналы индикаторлар белгіленген.

«Халықтың табысын арттыруға қатысты Үкімет қабылдап жатқан барлық іс-шара туралы қоғам кеңінен хабардар болуы тиіс. Бағдарламаны негізінен мақұлдауды ұсынамын. Айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, оны соңына дейін пысықтау қажет», - деді Премьер-Министр.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT