Ажар Ғиният медицина мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады
2022 жылғы 17 маусым 23:41

Ажар Ғиният медицина мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтап, денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктер мен міндеттерді баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медицинада жұмыс істеудің басты шарттарының бірі - адамдарға деген сүйіспеншілік. Сондықтан медицинада кездейсоқ адамдар жоқ. Біз өмірдің қиын және күрделі сәттерінде көмекке келіп, үлкен жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Бұл әсіресе соңғы 2 жылдағы пандемияда айқын көрінді. Бұл уақыт бүкіл планета үшін қиын болды, Қазақстан да бұдан тыс қалған жоқ. Тұтас еліміз бұл сынақтарға төтеп берді, ал жауапкершіліктің негізгі бөлігі алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлеріне жүктелді. Пандемия кезінде ауруханаларда короновирус инфекциясы бар 500 мың науқас, реанимацияда 50 мыңға жуық ауыр науқас емделді және оларды 30 мыңнан астам медицина қызметкері емдеді», - деп атап өтті министр елордада өткен «Дені сау ұлт» медициналық саммитінде.

Ажар Ғиният бір жыл ішінде Қазақстанның медицина қызметкерлері стационарларда 3 миллионнан астам адамды, оның ішінде 640 мыңнан астам баланы емдегенін атап өтті. Жалпы саны 630 мың операция, оның ішінде 20 мыңға жуығы жоғары технологиялар көмегімен жасалған.

Ауруханаларда оңалту бойынша, оның ішінде ауру балаларға 160 мыңнан астам қызмет көрсетілді, амбулаторлық деңгейде 110 миллион адам жүгніген. Жедел медициналық жәрдем бригадалары 8 миллионнан астам шақыруға барған, бұл тәулігіне 22 мыңға жуық шұғыл жағдай деген сөз.

«Акушерлер 450 мыңға жуық әйелді босандырды, бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл нағыз бала бумы болды! Ең бастысы, біз барлық қиындықтарға қарамастан, медицина саласын жақсарту үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», - деді министр.

Сөз соңында А. Ғиният қазақстандық медицина қызметкерлері, дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, санитарлар өздерінің күнделікті қажырлы еңбектерімен ұлт денсаулығын жақсартуға, әрбір науқасты тиімді қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.

«Құрметті әріптестер, сіздерге алғысымды білдіремін! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Денсаулық, бақыт және жақсы көңіл-күй тілеймін! Еліміздің денсаулық сақтау саласында 78 мыңнан астам дәрігер, 180 мыңнан астам орта медициналық персонал мамандары және 10 мыңнан астам басқа да көмекші, бірақ сала үшін маңызды медициналық ұйымдардың қызметкерлері жұмыс істейді», - дейді Денсаулық сақтау министрі.

Айта кетейік, саммит аясында денсаулық сақтау саласының ең үздік өкілдері марапатталды, олардың арасында дәрігерлер, медбикелер, сала менеджерлері бар. Денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі және саланың дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен – 253, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен – 565, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен – 569 медицина қызметкері марапатталды.

Сонымен қатар, азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі және мінсіз адал еңбегі үшін ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен 574 медицина қызметкері, ҚР Денсаулық сақтау министрінің алғысымен – 428 медицина қызметкері марапатталған.

Бұған дейін Қазақстанның үздік медициналық ұйымдарына ALTYN SHIPAGER мүсіншесі салтанатты түрде табысталған еді.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT