Азық-түлік неге қымбаттап жатыр
2022 жылғы 25 маусым 11:54

Азық-түлік неге қымбаттап жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдай әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетика және қаржы саласына айтарлықтай кері әcер етіп отыр. Бұған дейін мамандар көрші елдердегі жайттарға байланысты әлемде аштық болуы мүмкін екенін айтқан еді. Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының бағалауынша, зардап шегетін адамдар саны пандемияға дейінгі 135 миллионнан соңғы екі жыл ішінде 276 миллионға дейін жетіп, екі есеге өскен. Бірақ өкінішке қарай, Украинадағы жағдайдың салдарынан бұл сан 2022 жылы 323 миллионға дейін артуы мүмкін екені болжанып отыр. Осыдан-ақ жағдайдың әлемдік деңгейде ушығып кеткенін көруге болады.

Осыған байланысты БҰҰ өкілдері қазір украиндық және ресейлік азық-түлік өнімдерін әлемдік нарыққа қайтару өте маңызды екенін айтып, дабыл қағып отыр. Жалпы әлемдегі және Қазақстандағы инфляция мен азық-түлік бағасының өсімі, оның салдары, сонымен қоса мемлекет тарапынан қолға алынған шаралар жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

«Әлем бұрын-соңды болмаған дағдарыстың алдында тұр»

БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Украинадағы жағдайдың азық-түлік, энергетика және қаржы жүйелеріне жаһандық әсері» атты баяндамасында бұл жайт дүниежүзіндегі көптеген басқа дағдарыстың салдарын күшейтетінін айтып отыр. Мәселен, климат, COVID-19 және пандемиядан кейінгі қалпына келтіруге болатын ресурстарға қол жеткізудегі жаһандық теңсіздік мәселелері ушығып жатыр.

«Ресей мен Украинадағы геосаяси жағдай басталғалы бері біз жаңа жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз. Украинада қалғандардың жай-күйі нашарлап, күн өткен сайын жағдай қиындап бара жатыр. Ал дүниежүзіндегі адамдар үшін бұл геосаяси жағдай басқа проблемалармен бірге аштық пен кедейліктің, әлеуметтік және экономикалық хаостың және бұрын-соңды болмаған дағдарыстың болу қаупін төндіріп тұр», - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Әлемдегі азық-түлік бағасы рекордтық деңгейге жақындады

БҰҰ-ның мәліметінше, әлемдегі азық-түлік бағасы қазірдің өзінде рекордтық деңгейге жақындаған, ал тыңайтқыш құны екі еседен астамға артып отыр. Тыңайтқыштар бағасының өсімі жүгері мен бидай тапшылығына әкеледі, бұл өз кезегінде Азия мен Оңтүстік Америкадағы миллиардтаған адамның өміріне қауіп төндіреді және барлық негізгі дақылдың тапшылығына әкеліп соғуы мүмкін.

Мәселен, ЭЫДҰ елдерінде азық-түлік инфляциясы бір жыл ішінде 1,68%-дан 11,51%-ға дейін, ЕО-да 0,1%-дан 8,6%-ға дейін артқан.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының индексі 2021 жылғы сәуірдегі 122,1%-дан 2022 жылғы сәуірде 158,5%-ға дейін өсті. Ет бағасының индексі ұқсас кезеңде 104,3%-дан 121,9%-ға дейін, сүт өнімдеріне баға индексі – 119,1%-дан 147,1%-ға дейін, дәнді дақылдарға – 126,2%-дан 169,5%-ға дейін, өсімдік майларына – 162,2%-дан 237,5%-ға дейін, қантқа – 100%-дан 121,8%-ға дейін артқан.

Ал ЭЫДҰ елдеріндегі энергетика сегменті тауарларына инфляция деңгейі бір жылда 16,47%-дан 32,53%-ға дейін өсті. Азық-түлік пен энергетика сегментінен басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы да айтарлықтай өсім көрсетіп отыр.

«Биылғы дағдарыс салдырынан азық-түлік өнімдері нарыққа жетпей жатыр. Бірақ келесі жылы азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін»,-деген еді БҰҰ Бас хатшысы.

БҰҰ-ның мәліметінше, 94 елде тұратын шамамен 1,6 миллиард адам кем дегенде дағдарысқа әкеліп соқтырған себептердің біріне ұшыраған және онымен күресуге қауқарсыз. Антониу Гутерриш халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес саяси шешім қабылдауға шақырған болатын.

БҰҰ-ның мәліметінше, бұл дағдарыс барлық аймақ пен субөңірлерге әсер етпейді. Бірақ бұл төтенше жағдай мен кедейлік Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы 2,8 миллион адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Қазір аптап ыстықтан қиналып отырған Оңтүстік Азияда 500 миллион адам азық-түлік пен қаржы дағдарысынан қатты зардап шегуде. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне Ресейден аударылатын қаржы мен энергия экспортының маңызды екенін ескерсек, олардың энергетикалық және қаржылық аспектілерге тәуелді екенін көреміз.

Қазақстанда азық-түлік 19% қымбаттады

Қазақстан үкіметі де әлемдік дағдарыспен күресу, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар іс-шараны қолға алып жатыр. Мәселен, наурыз айында өткен үкімет отырысында ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов бағаны тұрақтандыру құралдарын жетілдіру мақсатында жаңа тәсілдер әзірленіп жатқанын атап өткен болатын. Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сатып алу көлемін ұлғайтумен үш бағыт бойынша тауарлар бөлінісінде азық-түлік сатып алу ұсынылған.

Бірінші – ұзақмерзімді сақтау тауарларын (күріш, қант, тұз және қарақұмық жармасы) тұрақтандыру қорларына жергілікті атқарушы органдардың тікелей және форвардтық сатып алуы арқылы сатып алу ұсынылады. Екінші – «Айналым схемасы» шеңберінде көкөністерді, етті, сүт өнімдерін және күнбағыс майын сатып алу. Үшінші – ұн, нан және рожки өндірісін арзандату үшін бидайды «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы сатып алу ұсынылады. Сондай-ақ аталған институтты астық және күнбағыс тұқымдарын сатып алу үшін тарту ұсынылған.

«Жоғарыда аталған тәсілдер халықты өніммен жеткілікті көлемде және қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді Ерлан Баттақов.

Бұдан бөлек биылғы қаңтар айының басында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының бағаны тұрақтандыру туралы тапсырмасын орындау аясында Үкімет мынадай шараларды қолға алғанын мәлімдеген еді.

- коммуналдық қызметтерге тарифтер тоқтатылды;

- жекелеген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салынды;

- жанар-жағармай материалдарына шекті баға белгіленді және автомобиль көлігімен бензинді, дизельдік отын мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға 6 айға тыйым салынды;

Дегенмен, осы жылдың ақпан айының соңында орын алған жайтқа дейін жасалған барлық іс-шара тиімді болуы мүмкін еді, алайда геосаяси жағдайдың салдарынан қабылданған іс-шаралар әлемдік дағдарысқа төтеп бере алмауы мүмкін деді мамандар. Мәселен, еліміздегі азық-түлік тауарлары бір жылдың ішінде 19%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11,9%-ға, ақылы қызметтер – 9,1%-ға қымбаттап отыр. Мұның өзі сарапшылардың көрші елдердегі жағдайдың салдары тұтас елдің экономикасына, азық-түлік қауіпсіздігіне міндетті түрде әсер етеді дегеніне дәлел бола алады.

Жуырда Санкт-Петербургте өткен XXV Халықаралық экономикалық форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамту мәселесін көтерген болатын. Ол БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сілтеме жасап, Ресей мен Қазақстан әлемнің осы саладағы жетекші елдері екеніне тоқталды. Президент өз сөзінде: «Халықты сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерімен қамту ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірінші кезектегі міндеті және факторы болып қала береді... Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерін барлық қатысушы мемлекеттердің қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, ЕАЭО-ны қоса алғанда, ұлттық деңгейлерде де, өңірлік бірлестіктер аясында да әзірлеу керек... Біздің мемлекеттеріміздің әлеуеті нарықтарымызды қажетті азық-түлік тауарларымен тұрақты және толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деген еді Мемлекет басшысы.

Сонымен қоса жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қазақстан премьері әлемдегі дағдарыс жағдайлары азық-түлік нарығына теріс әсер етіп отырғанын атап өткен болаын. Мәселен, БҰҰ ФАО деректеріне сәйкес әлемдегі азық-түлік бағасының индексі биыл сәуір айында былтырғымен салыстырғанда 30% өскен. Азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларын шешу үшін Әлихан Смайылов кезең-кезеңімен кешенді экономикалық ұйымдастыру шараларын іске асыруға, атап айтқанда, аграрлық нарықтарда, оның ішінде бірлескен азық-түлік теңгерімін әзірлеу және жүргізу арқылы негізсіз мемлекетаралық бәсекелестікті төмендетуге; ауыл шаруашылығында инвестициялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекетаралық бірлестіктерді немесе бірлескен кәсіпорындарды құруға; өтпелі тауар өткізу жүйесін дамытуға шақырған еді.

Жалпы азық-түлік бағасының өсімі елдегі инфляцияның да артуына әкеліп отыр. 16 маусымда өткен Сенат отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың сөзінше, ақпанда инфляция 8,7%-ды құраған болса, мамыр айында 14%-ға жеткен. Ал төмендегі кестеден өткен жылдың сәуір айындағы 7%-дан биылғы мамыр айында екі есеге артқанын көруге болады.

«Сыртқы сектордағы геосаяси жағдайдың нашарлауы кезінде ел экономикасы үшін сыртқы дағдарыс салдарын барынша азайту, баға тұрақтылығын сақтау және жергілікті валютадағы активтерді қорғау мақсатында Ұлттық банк 2022 жылғы 24 ақпанда базалық мөлшерлемені 13,5%-ға дейін көтерді»,-деп еске салып өтті Ғ.Пірматов.

Бұл ретте айта кету керек, азық-түлік саясатын жүзеге асыру шеңберінде бірқатар жедел шара қабылданды. Мәселен, 2022 жылғы 24 ақпанда ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 10,25%-дан 13,5%-ға дейін, 2022 жылғы 26 сәуірде - 14%-ға дейін көтерді, ал 6 маусымда 14% деңгейінде сақтап қалды.

Азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында тіркелді

Ал аймақтардағы азық-түлік бағасына тоқталатын болсақ, биылғы мамырдағы дерекке сәйкес, ең көп өсім Маңғыстау облысында тіркелген. ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтың мәліметінше, өңірлер бойынша жылдық инфляция 15 өңірде қарқын алса, 2 облыста бәсеңдеген.

Ең көп өсім Маңғыстау (сәуірдегі 13,9%-дан мамырда 15,2%-ға дейін), Қарағанды ​​(13,5%-дан 14,8%-ға дейін) және Батыс Қазақстан (12,2%-дан 13,5%-ға дейін) облыстарында тіркелген. «Мамырда азық-түлік бағасының өсу қарқыны бір жылда 19%-ға дейін өсті (сәуірде – 17,9%). Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Маңғыстау облысында (21%) тіркелген»,-деді ол.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны жыл сайын 11,9%-ға (сәуірде 11,1%) дейін өсті. Ең жоғары көрсеткіш Нұр-Сұлтанда (14,3%), ал ең төменгі көрсеткіш Шымкентте (10,2%) тіркелген. Ал ақылы қызмет көрсету бағасы мамырда бір жыл ішінде 9,1%-ға (сәуірде – 8,9%) өсті, бұл ретте бағалар Шығыс Қазақстан облысында республикалық деңгейден айтарлықтай жоғары (11,4%), Жамбыл облысында (6,3%) айтарлықтай төмен болды.

Биылғы мамырда елдегі айлық инфляция 1,4%-ды құраған. Ай сайынғы инфляцияның ең жоғары қарқыны да Маңғыстау облысында (2,2%) тіркеліп отырғанын атап өткен жөн.

Жалпы қорыта келе, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру бойынша бірқатар шара қабылданып, іске асып жатыр. Бұған дейін атап өткеніміздей, коммуналдық қызметтерге тарифтер тоқтатылып, жекелеген тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салынған болатын. Сонымен қоса жанар-жағармай материалдарына шекті баға белгіленді және автомобиль көлігімен бензинді, дизельдік отын мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға 6 айға тыйым салынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО-ны қоса алғанда, ұлттық деңгейлерде де, өңірлік бірлестіктер аясында да арнайы тәсілдері әзірленсе, бұл дағдарыстын шығудың бір тетігі болар еді.

Назерке Сүйіндік


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT