«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды
2022 жылғы 20 маусым 13:32

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Отбасы банк «Бақытты отбасы» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат бнктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу туралы өтінім otbasybank.kz платформасында 20 маусым мен 19 шілде (қоса алғанда) аралығында қабылданады. Ол үшін Отбасы банк клиенті болу қажет және аутентификация кодын алу үшін қолда ұялы телефон болуы керек. Қосымша анықтамалар мен құжаттар қажет емес. Жүйе үміткердің деректерін тексеріп, өтініш қалыптастырады.

Бағдарламаға қатысу үшін жергілікті органда тұрғын үй кезегінде тұру қажет. Өтінім бере алатын санаттар:

- көпбалалы отбасы;

- мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;

- толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).

Банктен мәлім еткендей, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2021 жылы өтінім берген, алайда баспана алмаған азаматтар биыл өтінімді қайта беруі қажет.

Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдері автоматты түрде қалыптастырылады. Тізімдерге бөлу кезінде қатысушылардың жергілікті әкімдікте кезекке тұру күні мен санаты ескеріледі. Конкурс нәтижелерін otbasybank.kz порталынан көруге болады.

«2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Отбасы банкке 51 млрд теңге көлемінде қаражат түсті. Биыл лимиттерді бағдарламаға қатысушылар арасында бөлу кезінде басымдық өткен жылдағыдай, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі», - деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, бүгінге дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 14 500 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады. Тағы 326 қатысушының несие алу туралы өтінімі мақұлданды, олар қазір баспана іздеуде.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы талаптарының бірі: азаматтардың кірісі тексеріледі. Соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек (2022 жылы КМ 37 389 теңге, сәйкесінше бір отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 115 905 теңгеден аспауы тиіс).

Несие сомасының 10% тең бастапқы жарна болған жағдайда, жылдық 2% мөлшерлемемен жеңілдетілген заем беріледі. Несие мерзімі 20 жылға дейін.

Отбасы жергілікті әкімдіктер арқылы салынған тұрғын үйді немесе бастапқы және екінші нарықтағы кез келген пәтерді сатып ала алады. Сонымен қатар жеке үй сатып алуға да рұқсат етіледі. Несиенің ең жоғары сомасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және олардың маңындағы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырауда 15 млн теңгеге дейін және басқа өңірлерде 10 млн теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы тиіс.


Ұқсас жаңалықтар
Қанша қазақстандық зейнетақы жинағын баспана мен емге жұмсаған
2022 жылғы 8 тамыз 19:36

Қанша қазақстандық зейнетақы жинағын баспана мен емге жұмсаған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1,7 млн астам қазақстандық зейнетақы жинақтарын баспана алуға және емделуге жұмсаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі БЖЗҚ сайтына сілтеме жасап.

«1 тамыздағы жағдай бойынша, зейнетақы қаражаты есебінен тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 1 328 015 өтініш орындалды. Бұл мақсатта азаматтардың шоттарына жалпы соммасы 3,1 трлн теңгеден асатын қаржы аударылды. Әр азаматқа берілген зейнетақы қаражатының орташа соммасы – 2,4 млн теңге», - делніген БЖЗҚ хабарламасында.

Сонымен қатар, 380 мыңнан астам қазақстандық емделу үшін зейнетақы жинақтарын жұмсаған.

«БЖЗҚ емделу үшін берілген 388 824 азаматтың өтінішін қарап, оларға жалпы соммасы 302,5 млрд теңге аударды. Орта есеппен әр азамат 800 мың теңге алды», - деп мәлім етті Қордың баспасөз қызметінен.

Зейнетақы қорының мәліметінше, аударылған ақшаны пайдаланбаған тұрғындар да аз емес. Мәселен, «Отбасы банкіне» аударылған 31,3 млрд теңге белгіленген мерзім ішінде пайдаланылмай, кері қайтарылған.


Үкімет қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмін әзірлеп жатыр
2022 жылғы 1 тамыз 15:58

Үкімет қолжетімді баспана құрылысының жаңа механизмін әзірлеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын әлеуметтік тұрғын үйлердің конкурстық процедуралары оңтайландырылмақ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамтып, әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін офтейк-келісімшарттар («кілтімен сатып алу») арқылы кредиттік баспана салып, оны мұқтаж азаматтарға 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бағасымен сатып әперу механизмін енгізуді тапсырған болатын. Аталған механизмді іске асыру үшін «Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының аясында Үкіметтің қорытындысы әзірленіп жатыр. Ол қорытынды Бюджет кодексіне техникалық тұрғыда күрделі емес нысандар салуға қойылатын шектеулерді алып тастайтын түзетулер енгізуді көздейді. Бұл түзетулер «кілтімен берілетін» нысандарды бір ұйымның жобалап, салуына мүмкіндік беретін бір конкурстың аясында офтейк-келісімшарт жасауға мүмкіндік береді», - деп жазылған вице-премьердің жауабында .

Оның пайымынша, осының арқасында тұрғын үй салушылардың қолжетімді баспана жобаларын іске асыруға қызығушылығы артпақ. Конкурс жарияланған кезде техникалық ерекшеліктерімен бірге қажетті пәтерлердің өлшемдері мен саны көрсетіледі. Сондай-ақ, жер телімі мен жобалық-сметалық құжаттаманың, құрылыс-монтаж жұмыстарының құны бірге есептелген жалпы сомасы көрсетіледі.

Сонымен бірге, құрылыстың сапасы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-Құрылыс» жүйесі кезең-кезеңмен іске қосылады.

«Жалпы, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әлеуметтік кредиттік баспана құрылысын 1 шаршы метрге 290 мың теңге көлемінде, сондай-ақ жеке меншік құрылыс компанияларын ынталандыру кезінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын 1 шаршы метріне 310 мың теңгеге дейін қаржыландыру көзделген.

Бүгінгі мемлекеттік сатып алудың моделі инженерлік-комуникациялық инфрақұрылым нысандарын жобалау бойынша жеке баспана мен әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы бойынша жеке конкурс жүргізуді қажет ететінін айту керек. Бұл конкурс процедураларын ұзартып, нысандардың қолданысқа беру мерзімін кешіктіреді», - делінген жауапта.

Еске салсақ, Қазақстанда жаңа тұрғын үй саясаты іске асырыла бастады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT