Бас прокуратура Қостанайдағы қару дүкенінің жарылу себебін атады

2022 жылғы 4 қазан, 10:39
Бас прокуратура Қостанайдағы қару дүкенінің жарылу себебін атады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бас прокуратура ағымдағы жылғы 3 қыркүйекте Қостанай қаласында болған «Оружейная палата» дүкеніндегі жарылыс және өрт фактісін тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өрт салдарынан 11 адам зардап шекті, оның 4-еуі көз жұмды. Олардың барлығы дүкеннің жұмыскерлері еді. Жарылыстан көршілес орналасқан коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер де зақымданды.

Тергеу анықтағандай, дүкеннің басшысы оқ-дәрі өткізуге рұқсаты болғандықтан, оқиға қарсаңында Қарағанды облысынан «Сокол» маркалы 40 килограмм оқ-дәріні кейіннен өлшеп орау және сату үшін сатып алған.

Бұл оқ-дәрі Қостанай қаласына ауа температурасы 36 градус ыстық болған кезде қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұза отырып тасымалданған және жарылыс орын алған дүкеннің жертөле бөлмесіне сақтауға қойылған.

Сарапшылар жарылыстың себебі оқ-дәрінің тұтануы болды, бұл қирауға және өрттің тұтануына әкеп соқты деген қорытындыға келді.

Қазіргі уақытта тергеу кінәлі адамдардың жауаптылық дәрежесін анықтауда.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar