Бас прокуратура талан-таражға түскен ҚазҰУ жеріне қатысты Алматы әкімдігіне жүгінді
2022 жылғы 24 мамыр 13:31

Бас прокуратура талан-таражға түскен ҚазҰУ жеріне қатысты Алматы әкімдігіне жүгінді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Прокуратура органдары Алматы қалалық жер ресурстарын басқару департаментіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жер учаскесін қолданыстан шығаруға қатысты заңбұзушылығын жоюды ұсынды. Бұл жайында ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұдан бұрын хабарланғандай, 2012 жылғы 30 қаңтарда Алматы қаласы əкімдігінің қаулысымен ҚазҰУ-ға тұрақты жер пайдалану құқығымен ауданы 73,26 гектар учаске берілген. 2017 жылғы 2 қазанда қала əкімдігі осы учаскенің шекарасын түзету туралы қаулы қабылдап, оның ауданы 1,82 гектарға азайды (ҚазҰУ-да 71,44 гектар қалды). Учаскенің кішірейтілген бөлігі «Omirex» ЖШС – 0,74 гектар, коммуналдық қызметтердің («Алматы Су» МКК, «Алматы жылу желілері» ЖШС, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ) – 0,56 гектар жəне Ш.А. Мұстафаевтың – 0,52 гектар иелігіне өтті. Алайда Жер кодексінің 48 жəне 82-баптарын бұзып, Алматы қаласының əкімдігі «Omirex» ЖШС-ға жер учаскесін сауда-саттықсыз жəне оған ҚазҰУ-дың жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін берген. Сондықтан Алматы қаласының прокуратурасы 2022 жылғы 11 мамырда қалалық жер ресурстарын басқару департаментінің атына заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді», - деді Берік Асылов жауабында.

Оның атап өтуінше, 2001 жылғы 16 қазанда Өскемен қаласы əкімінің шешімімен «Шығыс Қазақстан классикалық университеті» ЖШС-ға əкімшілік ғимарат пен оқу корпусын орналастыру үшін учаскеге (0,5 гектар; 30-шы Гвардиялық дивизия көшесі, 34А) жеке меншік құқығы берілген.

Оған ШҚКУ-дың 2001 жылғы 28 маусымда аталған учаскеде шеберханасы бар оқу корпустарының ғимараттары кешенін сатып алуы негіз болды.

2001 жылғы 4 желтоқсанда ШҚКУ «Қазақстан-америка еркін университеті» ЖШС-ға учаскені (табыстау актісі негізінде) берген.

Кейін учаскені А.Каменев ҚАЕУ-ден сатып алған. Ол оның нысаналы мақсатын шағын қонақ үй орналастыруға өзгерткен.

Учаскенің келесі меншік иесі – А.Кудиярова нысаналы мақсатын сауда ойын-сауық орталығын орналастыруға ауыстырған.

Осылайша, 2001 жылдан бастап учаске ШҚУ-ға тиесілі болмаған.

«Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағына сəйкес қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің барлық жерлері олардың қала құрылысы құжаттамасына сəйкес пайдаланылуы тиіс. Өскемен қаласының бас жоспарына сəйкес осы жер учаскесінде жоғары жəне арнайы оқу орындарын орналастыру көзделген. Алайда қаланың 2021 жылғы 12 қарашадағы жаңа бас жоспары осы учаскеге сауда-ойын-сауық орталығын орналастыруды көздейді. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы орган жер учаскесінің қала құрылысы құжаттамасына сəйкес келмеуін жойды. Сонымен бірге Өскемен қаласының прокуратурасы 2022 жылғы 6 мамырда қалалық əкімдікке учаскелердің нысаналы мақсатын өзгерту кезінде қала құрылысы құжаттамасын мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы хат жолдаған», - деді ол.

Сондай-ақ Берік Асылов «Прокуратура туралы» Заңның 6-бабы 6-тармағына сəйкес прокуратураның қадағалау кезінде өзге меморгандардың функцияларын алмастырмайтынына назар аудартады.

«Өз кезегінде прокурор тексерісті уəкілетті мемлекеттік органға нақты субъектіге қатысты жəне мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтірудің нақты фактілері бойынша тапсыруға құқылы. Осыған байланысты тексеріске бастамашылық ету туралы мəселе прокуратура органдарына оқу орындары тарапынан заңдылықты бұзудың нақты фактілері туралы мəліметтер келіп түскен кезде қаралады», - деді Бас прокурор.


Jańalyqtar

MURAǴAT