Баспана кезегіне тұру үшін ажырасуға баратындар көбейді – банк басшысы

2022 жылғы 3 қазан, 13:34
Баспана кезегіне тұру үшін ажырасуға баратындар көбейді – банк басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова толық емес отбасыларға берілетін иоптеканың шарттары неге өзгергенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қарыз берудің үш жылдық қорытындысына талдау жасадық және кейінгі төрт жылда «толық емес отбасы» санатының аса жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көрдік. Өкінішке қарай, Қазақстанда отбасы құндылықтарының дамып жатқанына қарамастан, 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелген. 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсіп, 2019 жылы 59 796-ға жетті. Ажырасуға өтініш беру «COVID-19» пандемиясы кезінде қиынырақ болып, ажырасу саны 48 мыңға дейін қысқарды. 2021 жылы бұл сан қайтадан өсіп, 48239-ға жетті»,- деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның пайымынша, баспана кезегіне тұру үшін ішінара жалған ажырасуға баратындар көбейіп отыр. Осыны ескерге Үкімет арнайы қаулы қабылдап отыр.

«Толық емес отбасы» бағыты бойынша ажырасу туралы куәлік өткізгендер көп. 23 қыркүйекте Үкімет қаулысы аясында «толық емес отбасылар» санатын «Шаңырақ – 5-10-10» жобасына ауыстыру ұсынысы қолдау тапты. Мұндағы айырмашылық сыйақы мөлшерлемесіне қатысты. Әр отбасы деңгейінде айырмашылық шамамен 30 мың теңгедей болатын шығар. Мысалы, берешек 15 млн теңге болса, «Бақытты отбасы» бойынша несие алғандар алғашқы 8 жылда ай сайын 80623 теңгеден, 50% сома жиналғаннан кейін 63344 теңгеден төлейді. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша «толық емес отбасы» дәл сондай пәтерді сәл жоғары төлеммен сатып алады. Яғни, ол алғашқы 8 жылда ай сайын 116 500 теңгеден, кейін 73 983 теңгеден төлейді», - деді Ләззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» басшысы толық емес отбасылар бұл өзгерісті екіұшты қабылдап жатқанын айтады.

«Қазір әлеуметтік желілерде «толық емес отбасылардан» өтініштер түсіп жатыр. Бүгін мен Мәжілісте бір топ адаммен кездестім. Біз мемлекеттің бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі адамдарды баспанамен қамтамасыз етуге басымдық беретінін түсіндіреміз», - деді банк басшысы.


Фото:ortcom.kz





Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar