Батыс Қазақстанда биыл 27 ауылға газ құбыры тартылады
2022 жылғы 22 маусым 04:48

Батыс Қазақстанда биыл 27 ауылға газ құбыры тартылады

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында биыл 27 ауылға газ құбыры тартылмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің мәлім еткеніндей, сонда жыл соңында өңір халқының табиғи газбен қамтамасыз етілуі 99,8 пайызға жететін болады.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар 35 елді мекенге ауыз су жеткізілмек.

Осы жұмыстарға 7,4 млрд теңге қарастырылды. Соның нәтижесінде тұрғындардың 92 пайызы ауыз сумен қамтылады.

Әкімнің айтуынша, облыста өмірлік маңызы зор нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінеді.

Мысалы, шығындарды қысқартып, кірістерді молайту арқылы жергілікті жылу-электр орталығында қордаланған қарыз мәселесі ретке келтірілді.

Сол секілді Орал қаласын сумен қамту да шешілуде. 28 шақырым су бұру құбырлары ауыстырылып, 18 ұңғыма қалпына келтірілді, жаңадан алтауын бұрғылау басталды.

Арнайы техника алынып, су ысырапшылдығына бақылау орнатылды.

«Тағы бір күрделі мәселе – электрмен қамту. Өткен жыл соңында «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» жекеден коммуналдық меншікке қайтарылды. Бұл бізге монополист мекемені дамытуға қаржы бөлуге мүмкіндік береді. Компанияның автопаркі жаңартылып, қызметкерлердің жалақысы біртіндеп көтеріліп келеді. Электр желілерін жаңғырту мәселесі Президент Әкімшілігінің бақылауында тұр және 2023-2025 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспарына енгізілді», деді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент тапсырмасына сәйкес БҚО-да суармалы жер алқабын 44 мың гектарға арттыру көзделіп отырғанын жазған болатынбыз.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT