Батыс Қазақстанда саяси тұтқындар қамалған бірнеше лагерь болған – тарихшы
2022 жылғы 31 мамыр 21:27

Батыс Қазақстанда саяси тұтқындар қамалған бірнеше лагерь болған – тарихшы

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Мұндағы бірінші бағыт «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі идеясы үшін мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды зерделеу болса, екіншісі – БҚО бойынша ГУЛАГ жүйесіндегі жазалау лагерьлері мен НКВД кеңселерін анықтау. Осы орайда өңірлік комиссия мүшесі, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Қазақстан Республикасының тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Альфия Сабырғалиқызы, ғылыми ізденіс барысында саяси тұтқындар лагерьлер мен жазалау орындары туралы қандай тың деректерге жолықтыңыз?

-Бірден айтайын, шын мәнісінде Орал қаласы және Батыс Қазақстан облысы бойынша ХХ ғасырдың 20-50 жылдары болған саяси тұтқындар лагерьлері мен НКВД кеңселері туралы мағлұматтар табу өте қиын. Өйткені бұл мәлімет аса құпия сақталатындықтан, құқық қорғау органдары оны барынша жасыруға тырысады, ал кейбір маңызды құжаттар әскери құпияға сәйкес жойылған. Соған қарамастан, аталған бағытта барлық мүмкін болған деректерді іздестіріп, зерделеуге тырысып жатырмыз.

Батыс Қазақстан облысында ресми мәліметтер бойынша 1937 жылы 853 адам қуғынға ұшырап (қазіргі құжаттық деректер бойынша шамамен 1500-ге жуық), оның 335-і атылған. 1938 жылы 936 адам тұтқындалып (қазіргі деректер бойынша – 2000-ға дейін), 690-ы атылған.

ГУЛАГ жүйесінде қызмет жасаған Орал өңіріндегі лагерьлер желісі үш бағытқа бөлінген. Оларда 2 мыңнан 5 мыңға дейін тұтқындар ұсталған. Олар – Каменлаг, Безымянлаг және Салават лагер, АЛЖИР-дің Оралдағы бөлімшесі.

-Енді осыларға кеңірек тоқталсаңыз?

-Каменлаг. Лагерьлердің ең үлкені – осы Каменлаг, Саратов облысымен шектесетін Тасқала ауданы аумағында болды.

Мұнда негізінен өзге өңірлерден жер ауып келгендер орналастырылған, оның ішінде еңбекпен түзету лагері және арнайы қоныстар (спецпоселение) желісі жұмыс істеген.

Лагерьдің орны қазіргі Тасқала ауданы орталығы Тасқаладан 25 шақырым жердегі Ешкітауда болса керек. Өйткені жергілікті халықтың айтуынша, Кеңес өкіметі тұсында бұл жер үнемі әскери бақылауда болып, тұрғындарды Ешкітаудың маңынан өткізбеген.

Безымянлаг БҚО мен Самара облысы шектескен аумақта орналасқан. Безымянлаг 1940 жылы құрылған. 1940 жылдың соңына қарай мәжбүрлі еңбек лагері Куйбышев фабрикаларының құрылысына арналған лагерьлер әкімшілігі болып өзгертілді.

1941 жылдан 1946 жылға дейін кәсіпорын КСРО НКВД Безымянск лагерьлерінің дирекциясы болды.

Безымянлаг лагерьлер желісінің БҚО бойынша бірнеше бөлімшесі жұмыс жасаған.

Жылдар бойынша Безымянлаг тұтқындарының саны:

1941 жылдың қаңтарында – 42 903 адам;

1941 жылы шілдеде – 91 211 адам;

1942 жылдың қаңтарында – 81 278 адам;

1943 жылдың қаңтарында – 29 811 адам (оның ішінде 1475 әйел);

1944 жылдың қаңтарында – 5990 адам;

1944 жылы шілдеде – 8583 адам;

1945 жылдың қаңтарында – 7122 адам;

1946 жылдың қаңтарында – 5963 адам.

Салават лагерь, АЛЖИР жүйесінің Оралдағы бөлімшесі.

АЛЖИР жүйесінің Оралдағы бөлімшесі Орал қаласындағы орталық қалалық түрме жанында қызмет жасады. Бұл лагерьлер КСРО ІІХК-ның 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 бұйрығы Отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Оларға ең алдымен саяси айып тағылғандардың әйелдерінің кінәсін еш дәлелдемей-ақ қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берді. Қысқа мерзім ішінде бас-аяғы бірнеше ай барысында барлық «отанын сатқандардың» әйелдері қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталып, ЕТЛ-не жіберілді.

Бұлардан басқа 2 үлкен маңызды лагерь желісі жұмыс істеген: олар – Түркістан лагері және Ортаазиялық лагерь. Бірақ бұл бұрынғы орган қызметкерлерінің ауызша деректері ғана. Нақты құжаттар әлі табылған жоқ, дәлелді деректер қарастырылып жатыр.

-Саяси қуғын-сүргін кезінде айыптау және жазалау үкімі орындалған орындар жөнінде не айтар едіңіз?

-Иә, мұндай орындар да аз болмаған. Орал қаласы бойынша №12 еңбекпен түзету лагерьлерінің бөлімшелері қалалық түрменің жанында ағаш барактарда орналасса, ал оның далалық қоныстары Ветелкиде, Бортауда және Плодоовощнойда болған.

Сондай-ақ облыс бойынша Казталов ауданының Шильная Балька, Зеленовтың (қазіргі Бәйтерек) Дарьинск, Щапов, Янайкин, Ақжайықтың Бударин, Кожехаров (Жаңабұлақ) поселкелерінде, Шыңғырлау ауданының «Ащысай» кеңшарында, Бөрлінің Бөрлі, Бөкей ордасының Сайқын Теректінің Федоров (Теректі) ауылында, Чапаевтың (қазіргі Ақжайық) Прорва лагерінің филиалында осындай процестер өткізіліп, үкім сол жерлерде орындалып отырған.

Айталық, жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылының маңында лагерь болған. Мұнда отырғандар темір жол мен құрылыста еңбек еткен.

Сол секілді өлкетанушы, комиссия мүшесі Ахмедияр Батырхановтың көнекөздерден естігеніндей, Жәнібек ауданының Жәнібек ауылы маңындағы Бантюков елді мекенінде өткен ғасырдың отызыншы жылдары түрме орналасқан.

Осылардың ішінде кейінгі жылдары нақты анықталып отырғаны –Бөрлі ауданы Бөрлі ауылындағы НКВД ғимараты мен ату жазасы, үкім орындалған орындар. Бұл жерді өңірлік жұмыс тобының мүшесі Жантас Сафуллин Бөрлі ауданының жергілікті тұрғыны, шешен ұлтының өкілі, марқұм Мұхтар Бокаевтың айтуы бойынша тауып, соның ішінде бір ғимараттың 1937-1938 жылдардағы НКВД кеңсесі болғанын, оның жанында 250-300 метр жерде ату жазасы үкімі орындалып, адамдардың жерленген орындарын анықтады. Шындығында атылғандар көмілмей, сорға лақтыра салынған. Жергілікті куәгердің сөзіне қарағанда, бұл жерде кемінде 40 адам атылған.

Қорыта айтқанда, еліміздегі ең үлкен лагерьлердің бірі – АЛЖИР желісіндегі Орал түрмесінде БҚО бойынша 3 мыңнан 5 мыңға жуық саяси тұтқындалғандардың ісі бойынша тергеуге алынған отбасы мүшелері, «халық жауларының» отбасы: әйелдері мен балалары, олардың тумалары тергеліп, қамауда отырған. Сонымен бірге Ресейдің барлық жерінен жеткізілген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің әйелдері де болды.

Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша өңірлік жұмыс тобы аталған бағытта анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Құжаттық деректер іздестіріліп, ауылдарға экспедициялар шығып, нәтижесі бойынша тарихи маңызды мағлұматтар жинақтала беретін болады.

-Әңгімеңізге рахмет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тарихшы Есқайрат Хайдаровтың Батыс Қазақстанда ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан 200-ден астам адамның сотталғаны жөнінде айтқанын жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT