Бельгиядағы қазақстандықтар ҚР Елшілігі жанындағы учаскеде дауыс береді
2022 жылғы 3 маусым 16:01

Бельгиядағы қазақстандықтар ҚР Елшілігі жанындағы учаскеде дауыс береді

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – 5 маусымда Брюссель қаласында ҚР Конституциясына өзгерістер мен қосымшалар енгізу бойынша ұлттық референдум күні 241 сайлау учаскесі ашылады. Оны Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігі құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Сайлау учаскесі сағат 07.00-де ашылады. Ол Уккель коммунасы, Ван Бевер даңғылы, 30 үй мекенжайында орналасқан. Бельгияда және Люксембургте тұрақты тұратын, сондай-ақ осы елдерде уақытша жүрген Қазақстан азаматтары учаскеге келіп, өздерінің сайлау құқығын іске асыра алады. Қазіргі таңда Брюссель сайлау учаскесі 200-ге жуық қазақстандық сайлаушыны қабылдауға дайын. Олардың арасында-қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, еуропалық институттар жанында аккредиттелген журналистер, шығармашылық интеллигенция, ғылыми қоғамдастық, бизнес және студент жастар өкілдері бар.

241 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Бельгиядағы ҚР Елшілігінің кеңесші-уәкілі Тимур Сұлтанғожин атап өткендей, Бельгияда қазақстандық сайлаушылардың белсенділігі күтілуде.

«Мемлекет басшысының саяси қайта құру саласындағы бастамалары біздің азаматтарымыздың қызығушылығын тудыратынын ескере отырып, адамдардың қатысу деңгейі жоғары болады деп үміттенеміз», - деді қазақстандық дипломат.

Сайлау комиссиясының мүшелері қазіргі уақытта дайындық рәсімдерін жүзеге асыруда. Сайлау туралы Заңға сәйкес Брюссельде дауыс беру Орталық Еуропа уақыты бойынша сағат 20:00-ге дейін өтеді.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT