Бірнеше қазақстандық басқа жерде тіркелгені үшін дауыс бере алмаған
2022 жылғы 5 маусым 17:53

Бірнеше қазақстандық басқа жерде тіркелгені үшін дауыс бере алмаған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова референдумда дауыс бере алмаған қазақстандықтардан екі өтініш түскенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, дауыс беру проблемасы тұрғылықты жеріндегі тіркеуден туындаған.

Азаматтар сайлау учаскесіне қазіргі тұрып жатқан мекенжайы бойынша келген, бірақ алдын ала бекітілмеген.

«Олар тізімде бар-жоғын алдын ала анықтау үшін еш шара жасамаған. Әрине, бір жағынан адамдар бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған міндеттемелер мен ұсыныстарды орындамады деуге болады, бірақ екінші жағынан, сұрақ туындайды – бұл тек азаматтың жауапкершілігі ме, әлде мемлекет жауапкершілігі ме? Сондықтан бұл мәселелерді келесі жолы ескеру қажет, өйткені конституциялық түзетулер бойынша республикалық деңгейдегі референдум алғаш рет өткізіліп отыр. Және мұндай референдум біз үшін қалыпты жағдайға айналуы керек, бүгінгі референдумнан кейін азаматтық белсенділіктің арта түсетінін түсінуге тиіспіз, сондықтан да нақты тетіктерді әзірлеуіміз керек. Мемлекет осындай референдум мен сайлау ұйымдастыруға бюджет қаражатын бөледі, сондықтан атқарылатын жұмыс та тиімді болуы қажет», - деді Эльвира Әзімова Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Бану Нұрғазиева әрбір оқиғаны жеке-дара қарау керек деген пікір білдірді.

«Болашақта бұған жол беруге болмайды, өйткені барлық азаматтардың сайлау құқығы іске асырылуы керек», - деді Б. Нұрғазиева.

Айта кетейік, сағат 16.00 дейін 7,1 млн қазақстандық референдумда таңдауын жасады.

Заңға сәйкес, егер референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса референдум өткізілген деп саналады.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT